Бүгiн 2026, 14:24 Фото: Ақорда

Қазақ-түрік саудасы 5,4 млрд долларға жетті: Өсім қай салаларда?

Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 630 миллион доллардан асады. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес-форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді. 

Кеңесте ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді 

Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған. 

Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді. 

Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды. 

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды. 

Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды. 

Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отырған TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, инвесторларға арналған жеңілдіктер жөнінде мәлімет берді. 

Сонымен қатар Түркия бизнесмендерін шикізаттық емес жобаларды бірлесе іске асыруға үндеді. 

Жиында энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібіндегі өзара тиімді серіктестік аясын одан әрі кеңейту перспективасы қарастырылды. 

Бұған дейін Қазақстан мен Түркия "Мәңгілік достық" декларациясын қабылдаған еді.