Қазақ циркі жайлы тұңғыш еңбек жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, Мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы, театртанушы-сыншы Нұрбақыт Бокебаевтың "Қазақстанда цирк өнерінің бастаулары мен дамуы" атты ғылыми монографиясы көпшілікке таныстырылды.


Ұлттық цирк өнерінің түп бастаулары мен даму тарихы туралы сыр шертетін зерттеу еңбек қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көріп отыр. 

Отандық цирктің өткені мен бүгіні және келешегі көпэтникалық Қазақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге дейін жүйелі әрі ғылыми негізде зерттелмей келеді. 


Қазақстанның мәдени жетістіктерінде цирк өнерінің айтарлықтай үлесі болғанына қарамастан, оны жіліктеп, зерделеген іргелі зерттеулер тапшы. Аталған еңбек Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көріп отыр.


Кітапта ежелгі цирк өнері алғашында культтік, бақсылық дәстүр, діни жоралғы, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелік сауық-сайран сияқты мәдени қайнардан бастау алғаны айтылады. 

Қазақтың атбегілік өнері, саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастаулары жатыр. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен "Аударыспақ", "Теңге алу", "Көкпар" сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындары дене тәрбиесіне жаттығумен қатар, көшпелі мәдениеттің айшықты өнімі түрінде цирк трюктарына айналды.


Биыл мемлекеттік цирктің құрылғанына 50 жыл толып отыр, осы аралықта біздің цирк өнері жайлы кешенді еңбек жазылмаған екен. Бұл еңбек келешек жастарға керек, өмір өтеді, бірақ кеше жұмыс істеген адамдардың еңбегі елеусіз қалмау керек. Оның барлығы кітапқа енді, - дейді кітап авторы. 

Сонымен қатар, ол қазақ халқының циркке қаншалықты қатысы бар деген мәселеге келгенде өркениеттің дамуына атты алғаш рет қолға үйреткенін айтпай кетуге болмайтынын жеткізді. 

Ботай мәдениетінде табылған деректер бойынша қазақтар атты алғаш қолға үйреткені дәлелденді. Ал атты қолға үйреткен соң бүкіл өркениет дамыды. Кезіндегі ат ойындарының барлығы қазіргі цирк алаңдарында ойнатылып жатыр. Ол теңге алу, қыз қуу, көкпар, шалма тастау, тіпті қазақтың ұлттық ойыны алтыбақанның өзі халықаралық цирктік ойындарға кіріп жатыр, - дейді Нұрбақыт Бокебаев. 


Аталған еңбек цирк өнеріне қызығатындар мен осы сала бойынша білім алып жатқан студенттерге арналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы