Қазақ тілінің тағдырын қаржы мен сауатты жастар шешеді - Жұмабекұлы
«Лингвистика» мамандығы бойынша PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қуаныш Жұмабекұлы жастардың бойындағы рухани құндылықты дамыту үшін не істеу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда қазақ тілі мен дәстүрі үшін сын кезеңі. Ол қомақты қаржысы бар әртүрлі топтар мен ұйымдардың құрсауында қалып отыр. Мұндай кезде әр қазақ жасы өзін қалай ұстауы керек?
Қазақстанда 70 пайыздан астам қазақтар. Барлығы қазақша сөйлесе, тіл мәселесі болмас еді ғой. Өкініштісі бұл мәселе бар және өзегімізді өртеп тұр. Алайда құр қарап отыруға болмайды. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Қазақ жастарының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Бұл сұрақ бойынша өз ойымды екі бағытта айтқым келеді.
Біріншісі, ұлтқа қызмет ету намысты талап етеді. Қолында қаражаты бар жастар болса, кешегі оқыған қазақ азаматтарына моральдық және қаржылық қолдау көрсеткен Қаражан Үкібайұлы, Мұхаметхан Сейітқұлұлы, Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл және Тобанияз Әлниязұлы сияқты ұлттық буржуазия тобынан үлгі алып, ұлтын өрге сүйреп, бізден кейінгі ұрпақтың есті болып жетілуін мақсат тұтып, қазақ тіліне қатысты түрлі жобаларға қолдау көрсеткендері дұрыс деп ойлаймын.
Екіншісі, қаржылық жағынан мүмкіндігі жоқ болса, ең болмаса қазақша дұрыс жазып, жүрген жерінде қазақша сөйлеуі керек. «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе – бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе – бұл күйініш» дейді Халел Досмұхамед. Яғни қазіргі уақытта қазақ тіліне, жалпақ тілмен айтқанда, көмек керек.
"Қазақ десе өзіңе тиеді" деп өз ұлты мен тілін кінәлай, менсінбей жөнелетіндер де бар… Сіздің ойыңызша, рухани құндылықты қалай дұрыстаймыз?
Рухани құндылықтарды өз деңгейінде ұрпақтың бойына сіңіру тек отбасы деңгейінде емес, мемлекет деңгейінде де қолға алыну керек. Ең алдымен, қаласақ та, қаламасақ та талап етуге тіреледі. Сонымен қатар тәрбие және идеологиялық жұмыстарға аса мән берген жөн. Мысалы қазақша-орысша аралас кинолар, бағдарламаларды қайта қарау, қазақ танымына қайшы келетін нәрселерді болдырмау – басты жұмыс. Көргені, естігені, оқығанына қарай кейбір жастардың да түсінігі дұрыс бағытта болмай тұрғаны рас. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаған.
Елімізде неге ғылымға деген қызушылық аз? Ғылымды дамытудың тетігі бар ма? Көбі ғалымдардың айлығын өсіру қажет дейді…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа» дейді.
Абай атамыздың
«Ғылым таппай мақтанба, сондай-ақ
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген сөздері бар. Яғни барлық нәрсе ғылымнан басталады.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан базалық қаржыландыру, гранттық қаржыландыру және т.б. бойынша біраз мәселелер шешілді. Алға жылжу бар. Бұны тоқтатпау керек. Осыған сәйкес ғылымға келгісі келетіндердің де көбейе түсетініне сенімім мол.
- Әңгімеңізге рахмет!