Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін 6 әдістемелік құрал жарық көрді
Оқу-әдістемелік құралдарды Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
6 кітап Қазақстандағы этнос өкілдерінің тілдік капиталын дамыту және шетелдегі қандастарымызды оқыту әдістемелерін ұсыну арқылы қолдау мақсатында шығарылған.
Бұл кітаптар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен, сондай-ақ 2023 жылдың «Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату» мемлекеттік тапсырмасын орындау аясында дайындалған.
Тіл үйрену құралдарының ішінде Түркия еліндегі қазақ тілін үйрететін мәдени орталықтар мен арнайы курстарға арналған оқу құралы, қазақ және мажар тілдерінің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерін салғастыра талдай отырып, қазақ тілін үйренушілердің тілдік дағдыларын дамытуға арналған оқу құралы мен ана тілімізді кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы, және мемлекеттік тілді үйренушілердің сөйлеу дағдыларын, лексикалық қорын жетілдіру көзделген оқу құралы сынды көпшілікке пайдалы әдістемелік жинақтар қамтылған, - деді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай.
Айта кетейік, орталық дайындаған еңбектер қатарына «Түрік тілді аудиторияға арналған қазақ тілі (А1)», «Мажар тілділерге арналған қазақ тілі оқулығы», «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы», «Жетісу жеріне саяхат» сынды оқулықтар, т.б тіл үйренуге арналған әдістемелік құралдар кіреді.