18 Қараша 2026, 18:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі: 85 жылда қалай өзгерді?

Жаңа сөздік не үшін қажет және қазақ тілінің емле ережелері қалай қалыптасты?

Қазақ тіліндегі сөздердің жазылу нормасы қалай қалыптасты? Алғашқы орфографиялық сөздік қашан жарық көрді және содан бері қанша рет жаңарды? «Қыркүйек» пен «қыргүйек», «рахмет» пен «рақмет» нұсқалары неге әр кезеңдегі сөздіктерде әртүрлі жазылған? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің емле ережелерін жүйелеп, орфографиялық сөздікті жаңартуды тапсырды. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі қазақ орфографиясының қалыптасу тарихына шолу жасап, сөздіктердің әр жылдардағы басылымдарын салыстырды.

Алғашқы орфографиялық сөздік қашан шықты?

Орфографиялық сөздік – тілдегі сөздердің дұрыс жазылу үлгісін көрсететін негізгі анықтамалық құрал. Ол жазу нормасын біріздендіріп, сөздердің бірге, бөлек немесе дефис арқылы жазылуын, бас әріппен берілуін және басқа да емле ерекшеліктерін айқындайды.

Қазақ тіліндегі орфографиялық сөздіктердің тарихы өткен ғасырдың алғашқы жартысынан басталады. Алғашқы басылым 1941 жылы жарық көрді. Одан кейін 1948 жылы «Емле сөздігі» басылып шықты. Бұл кезеңде қазақ жазуының емле нормаларын жүйелеу, сөздердің жазылуын біріздендіру жұмысы жүргізілді.

1960 жылы Рәбиға Сыздықтың орфографиялық анықтамалығы, ал 1963 жылы Ісмет Кеңесбаев пен Ғайнетдин Мұсабаевтың редакциясымен көлемді орфографиялық сөздік жарық көрді. 1963 жылғы басылымға шамамен 64 мың сөз бен сөз тіркесі енгізілді. Бұл сол кезеңдегі қазақ тілінің сөздік қорын қамтуға бағытталған ірі еңбектердің бірі болды.

1978 жылы сөздіктің келесі басылымы жарық көрді. Одан кейін қазақ тілінің емле ережелерін жаңарту қажеттілігі туындады. 1983 жылы орфографиялық ережелер қайта қаралып, ресми бекітілді. Осы өзгерістер 1988 жылы шыққан жаңа сөздікке негіз болды. Бұл басылымда шамамен 49 мың сөз қамтылды.

Сөздіктер жыл сайын емес, тілдің сұранысына қарай жаңарды

Кейінгі жылдары орфографиялық сөздіктер бірнеше рет қайта басылды. 2001 жылы шыққан басылымда сөздік қоры толықтырылып, жаңа қолданыстар енгізілді. 2005 жылы Рәбиға Сыздықтың редакциясымен сөздіктің бесінші басылымы жарық көрді. Бұл жолы оған 53 мың сөз бен сөз тіркесі енді.

Сөздікке қоғамдағы өзгерістерге байланысты қолданысқа енген жаңа ұғымдар мен терминдер де қосылды. Мәселен, «әуежай», «дәйексөз», «зейнетақы», «медбике», «елорда», «әнұран» сияқты сөздер қазақ тілінің жазу нормасына сай берілді. Бұл кезеңде сөздік тек бұрыннан бар сөздердің жазылуын көрсететін құрал ғана емес, тілдің жаңа қолданыстарын жүйелейтін еңбекке айналды.

2007 жылы тағы бір орфографиялық сөздік басылып шықты. Ал 2013 жылы қазақ тілінің алтыншы басылымы жарық көрді. 720 беттен тұратын бұл еңбекті Нұргелді Уәли бастаған авторлар тобы әзірледі. Сөздікке қазақ тіліндегі сөздермен қатар, кірме сөздер мен терминдердің жазылуы да енгізілді.

Осылайша, 1941 жылдан бері қазақ тілінің орфографиялық сөздігі бірнеше рет толықтырылып, қайта басылды. Әр басылым сол кезеңдегі емле ережелері мен тілдік қолданыстарды қамтыды. Алайда кейбір сөздердің жазылуындағы айырмашылық әлі күнге дейін пікірталас тудырып келеді.

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе?

Мәселен, қыркүйек айының атауы әр жылдардағы сөздіктерде әртүрлі берілген. 2025 жылы жарияланған ғылыми зерттеуде 1941, 1948, 1963 және 1978 жылдардағы сөздіктерде бұл айдың атауы орыс тіліндегі «Сентябрь» түрінде көрсетілгені айтылады.

1988 жылғы сөздікте «Қыркүйек» нұсқасы берілсе, 2001 және 2005 жылдардағы басылымдарда «Қыргүйек» деп жазылған. 2007 жылғы сөздікте қайтадан «Қыркүйек» нұсқасы қолданылған. Ал 2013 жылғы басылымда «Қыргүйек» деп бекітілген.

«Рахмет» пе, «рақмет» пе?

Тағы бір жиі кездесетін мысал – «рахмет» сөзінің жазылуы. Emle.kz электрондық базасындағы түсіндірмеге сәйкес, Рәбиға Сыздықтың 2000 жылы шыққан «Қазақ тілінің анықтағышында» «рахмет» нұсқасы берілген. Ал 2013 жылғы орфографиялық сөздікте «рақмет» деп көрсетілген.

Жаңа сөздік не үшін қажет?

Осы мысалдар қазақ тіліндегі жазу нормасының уақыт өте өзгеріп отырғанын көрсетеді. Тілдің дамуына қарай сөздік қоры да толығып, жаңа терминдер мен ұғымдар пайда болады. Сондықтан орфографиялық сөздік белгілі бір кезеңде қайта қаралып, жаңартылып отыруы қажет.

2026 жылғы 10 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының оныншы құрылтайында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев емле ережелерін жүйелеп, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңарту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, 1983 жылы ресми бекітілген орфографиялық ережелерден кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген. Сондықтан жаңа басылымның міндеті – тек жаңа сөздерді қосу емес, қолданыстағы емле нормаларын ғылыми тұрғыдан қайта қарап, біріздендіру.