"Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі" жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың қарашасында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының редакторлығымен "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры тарапынан шығарылған "Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі" жарық көрді.
Сөздік авторлары: Шерубай Құрманбайұлы, Сабира Исақова, Бағлан Мизамхан, Гауһар Әлімбек, Гүлфар Мамырбекова және Дәурен Боранбаев.
Cөздіктің ерекшелігі − мұнда қазақ тіліне араб-парсы, моңғол, орыс және ағылшын тілдерінен әр дәуірде енген сөздер қамтылды.
Араб және парсы лексикасына келсек, бұл сөздікте пассив лексикадағы араб-парсы сөздері де талданған. Яғни қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылатын кірмелерге қарағанда, күнделікті өмірде қолданыла бермейтін бірліктер қаралады. Көбінесе діни дастандарда, ауыз әдебиеті мұраларында сақталған сөздер алынған. Сонымен қатар, тұрақты тіркестер құрамында сақталған мағынасы түсініксіз сөздердің этимологиясы көрсетіледі. Мысалы, сөздікте қазақ тілінде "көсем, көшбасшы, қасқыр немесе арыстан үйірінің бастаушысы, арлан" деген ауыспалы мағыналарда жұмсалатын, әрі "Арыстаны көп, абаданы біреу" сияқты мақалда сақталған aбадан сөзінің түп-негізі парсынікі екендігі айтылған. Сол сияқты Адыра қал тұрақты тіркесіндегі адыра формасының араб тіліндегі "көз жанарынан айрылу" мағынасындағы آضر аддара-дан келгеніне болжам жасалған. Сондай-ақ, "ежелеп оқу" дегендегі еже тұлғасының араб тіліндегі هجاء һеже "буын" екендігі көрсетілген.
Моңғол тілінен алынған сөздерге келгенде де қызық мәліметтер бар. Бұнда да әдеби тілдегі түгел сөздер қамтылған жоқ, тек фразеологизмдер ішінде сақталған ескіліктердің мән-мағынасы ашылып көрсетілді. Мәселен, құда-анда қос сөзіндегі анда-ның моңғол тіліндегі "бауыр, туысқан, дос" мағынасындағы сөз екендігі айтылған. Сонымен қатар, аузын арандай ашты, жымын білдірмеді, кежегесін кейін тартты және тағы басқа фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің моңғол тілінен кіргені дәлелденді.
Орыс тілі арқылы кірген атаулар сөздіктің ауқымды бөлігін алады. Себебі бұл кірмелер соңғы кезде тілімізге жаппай кіріп, олардың қолданыс аясы кеңеюде. Енді сол кірме атауларды сөздікке кіргізіп, болмысын ашу − ғылымдағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Орыс тілі немесе орыс тілі арқылы басқа әлем тілдерінен енген атаулардың ішінен соңғы кездері кіріп жатқан әрі жиі қолданылатын сөздер барынша көп қамтылған. Мысалы, кэшбэк (ағыл. cash back – cash "қолма-қол ақша" + back "кері қайтару"); барбер (ағыл. barber – "сақал-мұрт және шаш алатын ерлер шаштаразы"); кавер (ағыл. cоver – to cover – "жабу; ауыстыру").
Орыс тілі арқылы кірген немесе орысша дыбысталатын атаулардың шығу тегі, яғни қай тілдерден таралғаны көрсетілді. Мәселен, кепкі (кепка) (орыс. кепка < фр. képi < швед., нем. käppi < лат. cappa – "баскиім түрі"); киоск (фр. kiosque, нем. kiosk < түрік. köşk "бау-бақшадағы там, шатырсыз кішкентай ғимарат, дүңгіршек"). Екінші мысалдан көріп тұрғанымыздай, түрік тіліндегі köşk сөзі, алдымен неміс және француз тілдеріне, одан кейін орыс сөздік қорына, ал орыс тілінен түрік тілдеріне кірген.
Соңғы жылдары жастар тарапынан жиі қолданылып жүрген ағылшын тілінің слэнгтері де сөздікке алынды: Ok, Easy, Sorry.
Кейбір ұғымның орыстікі болып көрінгенімен, түптеп келгенде оның түркілік немесе арабтық атау екендігіне көз жеткізетін қызық тұстар бар. Мәселен, орыс тілінен кірген адмирал сөзінің түбі арабтікі екендігі белгілі: اميرالبحر амир-ул-бахри – "теңіз әміршісі". Алгебра, алкоголь, атлас, т.б. сондай мысалдардың қатарына жатқызылады. Йогурт та мұндай жарқын мысалдардың бірі. Yoğurmak "айран ұйыту" етістігінен жасалған yoğurt "ұйытылған, ұйытқы, қою айран" ұғымы бүкіл әлемге yogurt болып таралды. Орыс тіліне ағылшыннан, ал бізге орыс тілінен енген.
Кітапта түрік тілінен әлемдік брэнд ретінде келген кейбір ұғымға қатысты да қызықты деректер берілген. Мысалы, альбени (түрік. al beni – "ал мені"); дөнер (түрік. döner – "орау, оралған, орама"); шауырма (орыс. шауырма < араб. шаверма شاورما < түрік çevirme "орама").
Сайып келгенде, бұл сөздік – қазақ тіліне латын, грек, ағылшын, француз, араб, парсы, испан, неміс, орыс, итальян, қытай, моңғол, португал және өзге тілдерден әр кезеңде енген кірме сөздер кең қамтылып отырған алғашқы көлемді еңбек. Сөздікте 8985 кірме сөз қамтылған. Кітап алғашқы көлемді еңбек ретінде құнды. Неге десек, қазақ тіл білімінде кірме сөздер сөздігін жасау ісі қолға алынбай келді. Кірме сөздер теріліп берілген санаулы ғана сөздік бар. Олар негізінен, араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерге арналған. Алайда әлем тілдерінен енген сөздер қамтылған кірме сөздердің үлкен сөздігі әлі жасалған жоқ. Бұл еңбек болса, сол олқылықтың орнын толтыруға жарарлықтай сәтті бастама десек қателеспейміз.
Мәрлен Әділов
Түркітану мамандығы бойынша PhD доктор