Қазақ тіліне сұраныс өте жоғары – Владислав Тен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде алғаш рет «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен тіл жанашырлары марапатталды.
Марапатталғандар қатарында тіл маманы Владислав Тен де бар.
Төсбелгіні алғашқылардың бірі болып алғаныма қуаныштымын. Мен өз жұмысымды істеп жүрмін. Осы жұмысым мемлекетке, Білім министрлігіне ұнаған болар. Сол себепті мен де осы жиынға шақырылдым, - деді Тен.
Ол қазақ тілінің болашағы зор екеніне сенім білдірді.
Қазақ тілін дамытуға өз үлесімді қосып жүрмін. Тіл орталығымызда бірнеше тіл үйретеміз. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Қазақ тіліне сұраныс өте жоғары. Сол себепті дәл қазір қазақ тілін оқытумен айналысып жүрміз, - деді тіл маманы.
Владислав Тен бүкіл Қазақстан бойынша орыс тілді оқушылар орталықтан қазақ тілін онлайн форматта оқитынын айтты.
Қазақ тілін үйренушілер көп келеді. Басында басым бағытымыз ағылшын тілі болған. Енді қазір қазақ тіліне сұраныс артып жатыр, - деп түсіндірді Владислав Тен.