Бүгiн 2026, 14:49 Фото: Facebook/Иаков Воронцов

Қазақ тілінде уағыз жүргізген шіркеу қызметкері есірткімен ұсталды

Тінту жүргізу барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленді.

Алматыда орыс православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовтың ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қалалық ПД редакция сауалына оның есірткі притонын ұйымдастырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасында есірткі заттарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аталған құқық бұзушылыққа қатысы бар деген күдікпен 1986 жылы туған ер адам ұсталды. Тінту жүргізу барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленді. Медициналық куәландыру нәтижелері оның есірткі заттарын қолданғанын растады, - деп атап өтті Полиция департаментінен.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Заңсыз әрекетке қатысы бар барлық тұлғалар мен істің мән-жайлары анықталуда.

Айта кету керек, есірткі заттарын тұтынуға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын ауыр құқық бұзушылық. Мұндай заңсыз әрекеттерге қатаң әрі бұлжытпай тосқауыл қойылады.

Заң бұзушылыққа қатысы бар әрбір тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.