Қазақ тілінде сөйлеу трендке айналып келе жатыр – педагог

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тілін креативті оқыту тәсілдері қандай? Америкалық өлкетанушы қазақ тілін қалай меңгерді? Қазіргі уақытта қай тілді білу трендке айналуда? Қазақ тілін еркін меңгертіп, от ауызды, орақ тілді шешен болуды үйретуге қатысты осы және басқа да сұрақтарға филология ғылымдарының кандидаты, «Q-Orator» шеберлік орталығының директоры Қарлығаш Дүсіпбаева жауап берді.

Баламен – бала, ұстазбен – ұстаз боламын

BAQ.KZ: Қарлығаш Советханқызы, Сіз бүгінгі таңда қазақ тілін креативті оқытып жүрген еліміздегі үздік ұстаздардың бірісіз. Білуімше, өзіңіздің ерекше әрі тиімді әдіс-тәсілдеріңізді қолданасыз. Қандай авторлық методикамен шәкірттер тәрбиелеп жатырсыз?

Қарлығаш Дүсіпбаева: Жылдар бойы нарықты зерттедім. Аналитикалық талдау жасадым. Көптеген шеберлік сыныптарына қатыстым. Қазіргі уақытта Ресейдің жылдам оқу технологиясына байланысты курсын оқып жатырмын. Осыдан біршама жылдар бұрын Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі 5-сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығының редакторы болдым. Сол кезде Кэмбридждің редакторлық курсын тәмамдадым. Сол кезде мектептің ішкі кухнясын меңгердім десем болады. Балаға не керек екенін түсіндім. Мен өмір бойы жоғары оқу орындарында жұмыс істеп келдім. Оның үстіне, өзімнің немерем бар. Немеремнің тілі қалай шығып келе жатыр, не керек деген дүниені көп ойладым. Бүгінде сот ісіндегі, прокуратурадағы, заң сласында жүрген және Әділет министрлігінде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер де маған қазақ тілін үйрену үшін арнайы келеді. Ерекшелігім – креативті, жаңашыл әдіспен оқыту. Мен баламен – бала бола аламын, ұстазбен – ұстаз бола аламын. Ұстаз брэнд болуы керек.

BAQ.KZ: «Q-Orator» шешендік өнер орталығын ашуға Сізге қандай идея түрткі болды?

Қарлығаш Дүсіпбаева: Алғашында «Қарлығаш» орталығы деп аталып, кейін атауын «Қазақ ораторы» деп өзгерттім. Мақсатым – осы орталықты брэндке айналдыру. Бүгінде сұраныс өте жоғары. Қазақ тілінде ораторлық шеберлік сыныбын өткізетін тренерлер тапшы. Білікті ұстаздар көп, алайда шешендік өнерден тренер болатын адам жоқ. Қазақша білу – мүлдем бөлек, ал топтың алдына шығып спикер болу және де ол спикердің техникаларын үйрету – тіптен бөлек дүние. Бұл тұрғыда«Қазақ ораторының» басты мақсаты – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте отырып, қазақ тілінде от ауызды, орақ тілді жастарды қалыптастыру.


Мақсатым – қазақ тілін отбасы тіліне айналдыру

BAQ.KZ: Орталықта бүгін өтіп жатқан «Отбасы құндылықтары: менің туыстарым» неконференциясы туралы айтып өтсеңіз.

Қарлығаш Дүсіпбаева: Неконференция дегеніміз – алдын ала күн тәртібі мен сценариі жоқ, білім беретін пікірталас алаңы. Кез келген қатысушы өз ойын бастап айта алады. Бүгінгі біздің өтіп жатқан неконференциямыздың мақсаты – да қазақ тілін отбасы тіліне айналдыру. Осы ұрпақ өсе келе қазақ тілін ғылымның және бизнес тіліне айналдыратын болады.. Міне, жас ұрпақты қазірден бастап осылай тәрбиелеп жатырмын. Дәл бүгін өткен іс-шараның көздегені – қазақ мектептерінде оқитын қазақ балаларының тілін қазақша сындыру. Бұл – бір жағынан қарасаң ерсі, бірақ өмірдің шындығы. Бұдан біз қашып құтыла алмаймыз, өйткені отбасылар үйде орысша сөйлейді. Ұзартылған күн тобындағы балаларға қазақ тілін сындыру үшін ең алдымен баланың зейінін, сыни ойлауын дамытып, ақыл ойындарын ойнату арқылы сабақ оқу дағдысын қалыптастырамыз. Мұның бәрін балалар фольклорынан аламыз. Жас ерекшеліктеріне қарай мазақтамақ, санамақ, тақпақ пен жаңылтпаштар арқылы балалардың тілін сындырамыз. Бұл дүниелер балаларға өте қызықты. Қазіргі кезде халық тақпақ пен өлеңді ажырата алмайды. Тақпақ дегеніміз – балаларға арналған төрт жолды, үш-төрт бунақты өлеңдер. Ол жаттап алу үшін өте жеңіл болу керек. Екінші бағытым – өзге ұлт өкілдеріне үйрету.

«Стив Джобс не керек, Құнанбайдың өзі лидер ғой?»

BAQ.KZ: Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету қаншалықты қиын? Жақсы нәтиже көрсеткен шәкірттеріңіз бар ма?

Қарлығаш Дүсіпбаева: Менің Грэйди есімді америкалық шәкіртім бар. Менен қазақ тілін үйреніп, батадан конкурсқа қатысып, бүкіл қазақтардың аузын аштыртып, жүлдені жұлып алып кеткен шәкіртім. Қазір Б2 деңгейінде сөйлейді. Маған А1 деңгейінде, тек сөздерді ғана біліп келген. Ол сыни ойлап, қазақ тілінде эссе жазады. Оған қазақ тілін «Құнанбай» фильмін көрсетіп, кинокоучинг арқылы үйреттім. Біз Құнанбайды лидер ретінде қарамаймыз ғой. Жетістікке жеткен табысты адам ретінде Ник Вуйчич, Стив Джобс сияқты тұлғаларды айтамыз. Ал, Грейди «Олардың бәрін үлгі тұтудың қажеті не, Құнанбайдың өзі лидер ғой» дейді. Ол қазір Америкада. Сөйлесіп тұрамыз. Осыдан екі-үш күн бұрын оны туған күнімен құттықтасам, маған рақмет айтып, мен пісірген бауырсақты сағынғанын жазыпты. Ол маған қазақша жауап береді.

BAQ.KZ: Америкалық азаматтың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысын арттырған қандай жағдай, қандай мотивация? Не үшін қазақ тілін меңгергісі келді екен?

Қарлығаш Дүсіпбаева:  Ол өлкетанушы жігіт. Қазақстанды көремін, зерттеймін деп келген. Сол кезде шетелдіктердің тілді білуге деген, білімге деген құштарлығына таң қалдым. Керемет. Ерекше. Енді, ойлаңыз, өзіміздің қанымыз бір, жанымыз бір қазаққа «қазақша үйретемін» деңізші, дәл өзге ұлт өкілдері сияқты үйренуге талпынбайды. Өзге ұлт өкілдеріне қаншама лексикалық минимум сөздер беремін. Бірден жаттап алады. Грейди өз жазбасында мен туралы «Ерекше қазақ тілі мұғалімім» деп жазып қойыпты. Мен үшін бұл – үлкен мотивация. Мен одан сайын қазақ тілін қалай қызықты өткізуге болатын жолдарды іздей бастадым. Креативті оқыту бағытында көп іздендім. Неге қазақ тілі бизнес тілі емес!? Қазақ тілін бизнес тіліне шығару үшін өзім түрлі бизнес тренингтерге қатыстым. Нәтижесінде, міне, өзіңіз көріп отырсыз, «Q-Orator», яғни «Қазақ ораторы» деген менің жеке кәсібім пайда болды.

Ақын болып туады, шешен болып қалыптасады

BAQ.KZ: Қазіргі уақытта орталық жұмысының аясын кеңейту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?                                                              

Қарлығаш Дүсіпбаева: Қазірдің өзінде біз елордадағы №76, №73 және №87-ші мектептермен өзара тығыз бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қай мектеп директорларының креативті екені бірден көрінеді. Өздері хабарласып, мектептен филиал ашу туралы ұсыныстар айтады. Бүгінде команда жинақтауды қолға алып жатырмын. Үйрететін, оқыта алатын адамдар қажет. Оны нарыққа шығару үшін тренер, мамандар жетіспеушілігі сезіледі. «Ақын болып туады, шешен болып қалыптасады» дейді. Шынымен солай. Дегенмен, кез келген адам оратор бола алғанымен, ораторлықтан тренер болу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені, 1% туа біткен қасиет, 99% ол еңбекпен келеді. Қазақ халқы «Сөйлей сөйлей шешен боласың» деп бекер айтпаған.

BAQ.KZ: Мемлекеттік тілді дамыту аясында үкімет ауқымды бағдарламалар қабылдап, біршама істер атқарылып жатыр. Дегенмен, кемшін тұстары да жетерлік. Тіл жанашыры ретінде қалай ойлайсыз, мемлекеттік тілге деген сұраныс артты ма?

Қарлығаш Дүсіпбаева: Қазақ тілінде сөйлеу трендке айналып келе жатқанын сенімді түрде айта аламын. Тіпті, ата-аналардың өздері маған келіп оқып жатыр. Яғни, мен олардың қызығушылығын оята алдым. Мәселен, мен қолданатын бір әдіс бар. Оқушыларды орындықтан секіртіп ойнату арқылы психологиялық тұрғыдан олардың бойындағы қорқыныштан арылтып, жаңа сөздерді тез үйретемін. Бұл когнитивті әдіс деп аталады. Әрбір сабағымда ұлттық сана сезім, салт-дәстүрді тілге тиек етіп, соның негізінде жұмыс істеймін. Балаларға жігіттің үш жұрты болатынын айтқанмын. Бір күні оқушыларымның бірі «Қазір менде екі жұртым бар. Үйленген кезде үшінші жұртым – қайын жұртым болады» деп бізді ду күлдірді. Бұл орталықты ұлттық санада шәкірт тәрбиелейтін жеке меншік мектепке айналдыру – менің арманым.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рахмет!

Роза ЫСҚАҚ

Фото: автордан


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы