Қазақ тілін түсініп, күй тыңдайтын ит желі жұлдызына айналды
Әлеуметтік желіде көптің көзіне түскен патриот ит бар. Оның аты – Майлыбек. Ит иесі Темірлан Тоспаев итінің ерекшелігі жайлы айтып, сұхбат берді, BAQ.KZ тілшісі.
- TikTok желісіндегі бейнелеріңізді көрдім, өте әсерлі шыққан. Иттің тұқымы қандай? Қалай тәрбиледіңіз? Сол жөнінде айта өтсеңіз?
Майлыбек Джек - рассел-терьер тұқымынан шыққан ит. Біле білсеңіздер "Маска" фильмінде Джим Керридің иті де осы тұқымнан. Оның атын сол фильмдегідей "Майло" деп қойдым, бірақ оқырмандарым Майлыбек ат қойып, атап кетті. Сөйтіп жақында ғана Майлоға паспорт істеттім. Толық атын “Майлыбек” деп жаздырдым.
- Контент жасауға қалай бет бұрдыңыз? Қандай да мақсат болды ма?
Жалпы контентті 4-5 ай бұрын жасай бастадық. Достарымның көбі маған «неге мұны Инстаграм мен Тик ток желісіне салмайсың? Итің өте сүйкімді әрі қазақша түсініп, мультфильмдер қарайды ғой” деп жиі айта бастады. Кейін контент жасауды біртіндеп қолға алдым. Өз басым Қазақстанда мұндай контент қаралмайды деп ойладым.
4 ай бұрын әлеуметтік желіге итімнің бір видеосын жүктедім. Жай ғана өзін түсірген бейнесін сала салған едім. Таңертең оянсам, 1 млн қаралым жинапты. Таң қалдым! Кейін, тағы қандай видеолар түсіруге кірістім. Ойыма бірден Әнұран түсті. Қазақстанның әнұранын қоса қалып едім, итім сол сәтте отыра қалды.
Негізі қазір жасап жатқан контентіміздің бағыты - патриотизмды дамыту. Алғашында бізде ешқандай мақсат болған жоқ. Бірақ бір түсінгенім қоғамда бір қате түсінік бар. Адамдардың көбі иттерін қазақша емес, орыс тілінде үйретеді. Өйткені сол тілде түсінеді деген ойда. Біз мұның қате пікір екенін дәлелдедік.
- Заңды сұрақ деп ойлаймын. Майло неге қазақша сөйлегенде мұқият тыңдайды?
Жалпы, Майло қазақша сөйлеген кезде жалт қарап, реакция білдіреді. Қазақша бірдеңе айтсаң басын көтеріп, тыңдап отырады. Иә, орысша да түсінеді, бірақ ол тілде өте мықты деп айта алмаймын.
Менің ойымша, Майлоның бұрынғы иесі тек қазақша сөйлеген. Тағы бір байқағаным, ол жалпы түркі тілдеріне де жақын. Оларды жақсы тыңдап, қызыға қарайды. Мен оған "отыр, тұр" деген сөздерді орысша айтсам оны жасағысы да келмейді. Майло тек қана қазақша айтқанымды қалайды.
- Бала кезіңізде мұндай итім болады деп ойладыңыз ба? Итті кімнен алдыңыз?
Нақтысын білмеймін, тек Алматы қаласынан екенін білемін. Мен кішкентай кезімде "Маска" фильмін бәріміз көрген шығармыз. Мен бала кезімнен сондай итім болғанын армандайтынмын. Яғни өскен кезде өзімнің жеке пәтерім итім болғанын қаладым. Кейін, достарымның арасында ит асырағым келетінін жиі айтатынмын. Оның үсітне үй жануарларын жақсы көремін. Күндердің күні маған достарым ит сыйлады.
- Темірлан өзіңізді еліміздегі үй жануарлары мәселесі қатты алаңдатын көрінеді...
Біздің елде жануарларға деген қарым-қатынас өте нашар. Үй жануарларға қатыгездік күн сайын күшейіп келеді. Күнде жаңалықтан нешетүрлі сұмдық оқиғаларды оқимыз. Оның үстіне көзге көрінбей жатқан оқиғалар тағы бар. Кейбір адамдардың көмегімен, волонтерлардың, ЗОО белсендірелдің, ЭКО белсенділердің көмегімен осындай оқиғалар бейжай қалмайды деп ойлаймын.
- Демек Майлыбектің контенті тек бір бағытта өрбімейді ғой?
Иә! Тағы бір мақсатымыз - адамдарды жануарлармен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыру. біз өз тарапымыздан жануарларға аяушылықпен, жанашырлықпен қарайтын оқырман қалыптастыра алсақ, бұл біз үшін жеңіс!
- Әңгімеңізге рахмет!