Қазақ тілі ЖИ үшін танымал бола бастады: Тіл мамандары 30-дан астам цифрлық ресурс әзірлеген
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анар Фазылжанның айтуынша, қазақ тілінің жасанды интеллект жүйелерінде кеңінен қолданылуы үшін ең алдымен сапалы цифрлық деректер қоры қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, аннотацияланған, яғни арнайы белгіленім қойылған цифрлық мәтіндері көп тілдер жасанды интеллект жүйелері тарапынан тезірек танылады.
Біздің тіл дамытушылардың бұл істе еңбегі зор. Аннотацияланған, яғни белгіленім қойылған цифрлық мәтіндері көп тіл, жасанды интеллектіде бірден танымал болады, – деді Анар Фазылжан.
Қазақ тіліне арналған 30-дан астам цифрлық ресурс әзірленді
Институт бүгінде оқушыларға, мұғалімдерге, тіл үйренушілерге және қазақ тіліне қызығушылық танытатын кез келген адамға арналған 30-дан астам цифрлық ресурс әзірлеп отыр.
Анар Фазылжан олардың қатарында 4,5 миллион қимаға негізделген картотекалық цифрлық база, электрондық тілтанымдық кітапхана және бірнеше сөздіктің мәліметтерін бір жерге жинақтайтын AmbiVob электрондық сөздігі бар екенін айтты.
Оның айтуынша, тұңғыш электрондық тілтанымдық кітапханада қолданушылар қажетті әдебиетті автордың атымен ғана емес, тірек сөздер мен терминдер арқылы да іздеп таба алады.
Ақылды мәтін түзеткіш пен мәтінді тану бағдарламасы жұмыс істейді
Институт әзірлеген ресурстардың ішінде орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателерді анықтап, түзететін ақылды мәтін редакторы да бар.
Сонымен қатар PDF форматындағы қазақша мәтіндерді Word құжатына айналдыратын автоматты мәтін тану бағдарламасы әзірленген.
Біздің цифрлық ресурстар ішінде мәтінді автоматты тану бағдарламасы бар. PDF нұсқада шыққан қазақ мәтіндерін Word-қа түсіріп береді және мүмкіндігінше қатесіз, қатесі аз дау көрсетіп береді, – деді институт директоры.
Оның сөзінше, пайдаланушыларға қазақ тіліндегі синонимдерді табуға мүмкіндік беретін арнайы синонимайзер де ұсынылған.
Мектеп оқулықтарының терминологиялық базасы жасалған
Фазылжанның айтуынша, цифрлық платформалардың ішінде мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін ерекше маңызға ие ресурс бар. Ол – қазақ тіліндегі барлық мектеп оқулықтарының терминологиялық қоры.
Бұл жүйе арқылы белгілі бір терминнің қай сыныпта қолданылатынын, ресми анықтамасын және қажет болған жағдайда балаларға түсінікті етіп әзірленген баламалы түсіндірмесін көруге болады.
Кез келген терминді жазсаңыз, ол қай сыныпта қолданылған, оның анықтамасы қандай және егер тілтанушылар ол анықтаманы балаға түсініксіз деп тапса, оның жанына біз өзіміз балаға түсінікті анықтамасын жазып қойғанбыз, – деді ол.
Институт жасанды және табиғи тілді зерттеуге кіріскен
Тіл маманы алдағы кезеңде институт үшін маңызды бағыттардың бірі жасанды интеллект қалыптастыратын мәтіндер мен табиғи тілдің айырмашылығын зерттеу болатынын айтты.
Оның пікірінше, қазіргі таңда көптеген тілдерде генерацияланған мәтіндердің үлесі артып, табиғи тілдік құрылымдар азая бастаған.
Генерацияланған, яғни жасанды, тірі емес, құрылымы өте күрделі, калькаланған тілдік конструкциялар көбейіп кетті. Ал табиғи тілдің, адам санасынан жаратылған, адамның жүрек-майымен сусындап шыққан тіл бірліктері азайып, тіл конструкциялары азайып бара жатыр, – деді Анар Фазылжан.
Осы бағыттағы зерттеулер үшін институт генерацияланған мәтіндердің арнайы электронды базасын әзірлеп қойған.
Цифрлық дәуірдегі балалар тілі де зерттеледі
Институт басшысы психолингвистикалық зерттеулердің маңызы артып отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық ортада өсіп келе жатқан балалардың тілдік дамуы ерекше назар аударуды қажет етеді.
Өйткені, цифрлық дәуірдегі жас, бүлдіршін, кішкентай балалардың тілі шықпай жатыр. Өте баяу шығып жатыр. Осы үдерістерді психолингвистикалық аспектіде зерттеу аса маңызды, – деді ол.
«Қазақ тіл танушысы» атты жасанды интеллект жасалуы мүмкін
Анар Фазылжан институт әзірлеген барлық цифрлық ресурстардың негізінде қазақ тіліне маманданған отандық жасанды интеллект жүйесін жасауға мүмкіндік бар екенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай жүйе тілдік кеңес беріп, қазақ тілін үйрену мен қолдануды жеңілдете алады.
Біздің институт әзірлеген барлық ресурстардың негізінде өте мықты тіл танымдық көмек көрсете алатын арнайыланған жасанды интеллект жасауға болады. Қазақ тіл танушысы деп аталатын жасанды интеллект, – деді институт директоры.
Ол бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, тіл ғылымы мен цифрлық технологиялардың тоғысында әлі де көптеген өзекті мәселе зерттелетінін жеткізді.