Қазақ тілі қалай өзгереді? Мерейтойлық Х құрылтайдан фоторепортаж
Таңғы сағат 9:00-ден бастап Тәуелсіздік сарайына құрылтай қонақтары жинала бастады
Бүгін Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық Х құрылтайы өтті. Мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы талқыланған алқалы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Таңғы сағат 9:00-ден бастап Тәуелсіздік сарайына құрылтай қонақтары жинала бастады.
Олардың қатарында Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы, тіл мамандары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар болды.
Мерейтойлық құрылтайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастар арасындағы беделін арттыру және қазақ тілін жаңа технологиялар арқылы дамыту мәселелері қозғалды.
Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қазақ тілінің абырой-беделін арттыру бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін атап өтті.
Құрылтайға қатысқан Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Геннадий Шиповских мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны айтарлықтай нығайғанын айтады.
Мемлекеттік тіл өте жоғары деңгейге көтерілді десек, артық болмас. Президенттің 2019 жылы айтқан сөзі есімде. Сол кезде мемлекеттік тіл этносаралық қатынас тіліне айналуға тиіс деген еді. Арада жеті жыл өтті. Қазір оның нәтижесін көріп отырмыз. Көптеген мектепте, жалпы қоғамда адамдардың қазақша емін-еркін сөйлейтінін байқаймыз. Бұл – сөз жүзінде емес, іс жүзінде болып жатқан өзгеріс, – деді ол.
Оның айтуынша, қазақ тілі бүгінде күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, цифрлық кеңістікте де өз орнын қалыптастырып келеді.
OpenAI, DeepSeek, Grok секілді платформаларға қарасақ, қазақ тілінің өзіндік даму бағыты бар екенін көреміз. Қазақ тілі тек құжат жүзінде ғана емес, шығармашылық бағытта да дамып жатыр. Қазақ тілі үлкен брендке айналды, – дейді Геннадий Шиповских.
Ал Жетісу облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Шепель жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Ол әсіресе әлеуметтік желілердегі қазақтілді контенттің көбейгеніне назар аударды.
Қазақ тілі жастар арасында үлкен қолдауға ие. Әлеуметтік желілерде қазақша контент көбейіп келеді. Тіпті Threads желісінің отаны Қазақстан деп жүргендер де бар. Еліміздің туы, ұлттық құндылықтарымыз туралы өте әдемі дүниелер жасалып жатыр. Жастар шетелге шыққанда да өз елінің құндылықтарын белсенді насихаттап жүр, – деді ол.
Владимир Шепель мемлекеттік тілді үйреніп жүрген азаматтарға қолдау көрсету маңызды деп есептейді.
Арамызда қазақ тілін енді үйреніп жүрген адамдар бар. Жасы үлкен кісі болсын, жас бала болсын, бәріне қолдау көрсетуіміз керек. Кейбіреулер қате сөйлеп қоямын деп қысылып, ұялады. Ал кішкентай балаларда ондай қорқыныш жоқ, олар жаңа нәрсені бірден қабылдайды. Бәлкім, біз де бала сияқты қорықпай үйренуіміз керек шығар, – дейді ол.
Қазақ тілінің болашағына сенім білдіргендердің бірі – география және биология пәндерінің мұғалімі Евгений Гравчук. Оның пікірінше, алдағы он жылда мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың қатары едәуір артады.
Мен үшін қазақ тілі – этносаралық қатынас тілі. Алдағы он жылда халықтың 100 пайызы қазақ тілін меңгереді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде жағдай жаман емес. Бірақ бұл іске бәріміз үлес қосуымыз керек, – деді мұғалім.
Ал қоғам белсендісі Алла Платонова мемлекеттік тілдің болашағы әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін айтады.
Мемлекеттің қалыптасуы, ең алдымен, мемлекеттік тілге тікелей байланысты. Көп тіл білген әрқашан жақсы. Бірақ қай елде өмір сүрсең, сол елдің мемлекеттік тілін білуің керек. Қазақ тілі болашақта ғарыштап дамиды деп сенемін. Бұл тек жасанды интеллектіге емес, өзімізге де байланысты. Егер әрқайсымыз нақты үлес қосып, сырттай бақылаушы болып қалмасақ, қазақ тілін бүкіл әлем танитындай деңгейге жеткізе аламыз. Бұл әсіресе өскелең ұрпаққа байланысты, – дейді ол.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінің толық нұсқасын осы жерден оқи аласыздар.