Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті
Телеарнадағы шығармашылық жолын 1975 жылы бастаған белгілі журналисттің өмірден өткені хабарланды. Ол отандық телевизияға елеулі үлес қосты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ телевизиясының дамуына өзіндік үлес қосқан белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасардың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Тілеуқабыл Мыңжасар саналы ғұмырын телевизия саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі болып, өңірдегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді халыққа жедел әрі сапалы жеткізді. Жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы арқылы талай әріптесіне үлгі болды. Артында көптеген дарынды шәкірттері қалды, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистика саласындағы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен отандық телевизияға қосқан үлесі әріптестері мен көпшіліктің жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! - деп көңіл айтты Мәдениет және ақпарат министрлігі.
BAQ.KZ редакциясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.