Қазақ тау-кен қадағалау басқармасына 100 жыл толды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тау-кен қадағалау басқармасының құрылғанына 100 жыл толды. Салтанатты жиынға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы ардагерлер қатысты.
Іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан төтенше жағдайлар министрі тау-кен саласы – ел экономикасының маңызды драйвері екенін ерекше атап өтті.
Жұмыс болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Әсіресе өндіріс саласында қызмет ауыр әрі жауапты. Сіздердің атқаратын еңбектеріңіз орасан зор екенін атап өту керек. Күнделікті істеген жұмыстарыңыз сырт көзге көрінбегенмен, аса маңызды қызметке жауаптысыздар. Еңбектеріңіз орасан зор. Себебі, бұл сала елдің экономикасы үшін, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі үшін қажет. Жылдар өтіп, өндіріске көптеп жаңа технологиялар қосылып жатқанмен, ардагерлер қауымының бүгінгі келешек жастарға үйретері көп, - деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы ауыр еңбекте талмай қызмет еткен бір топ үздіктерді арнайы төсбелгімен марапаттады.
Бар еңбек жолын тау-кен саласына арнаған ардагер Сырым Ғаббасов жастарды өз ісін сүюге және еңбекте барынша шыдамды болуды шақырды.
Жұмыс өте ауыр. Өте жауапты. Жерасты шахтасында қызмет ету деген – ондағы адамдардың қауіпсіздігі, адам тағдыры, өмірі. Оған бей-жай қарай алмайсың. Бір қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан қызметіңе сақ болуың керек. Кәсібилілік пен жауаптылық керек. Мен бар еңбек жолымды осы тау-кен саласына арнадым. Қарапайым, қатардағы шеберден директорлық қызметке дейін көтерілдім. Бүгінде менің екі ұлым да осы өндіріс саласында. Жолымды жалғап келеді, - деді ардагер Сырым Ғаббасов.
Айта кетерлігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінің тарихы 1922 жылы 9 маусымнан бастау алады. Бір ғасыр бұрын дәл осы күні Қазақ тау-кен қадағалау басқармасын құрылған болатын.