Қазақ спортшыларының Олимпиадада киетін киімі таныстырылды

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Мәжіліс депутаттарына Қазақстан спортшыларының Париж олимпиадасына киіп баратын киім үлгілерін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азия ойындарынан кейін бірқатар сұрақ туындаған болатын. Соның негізінде БАҚ өкілдеріне, қоғамдық ұйым, спортшылардан арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеді. Ең бірінші нұсқа — Ту ұстап шығатын Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкаяның киімі. Екеуі де ұлттық нақышта тігіледі. Ер адамның киімінде бөрік болса, қызда сәукеле бар. Арнайы комиссияға 15 ұйымның өтінімі түсті. Сол 15 өтінімнен таңдап алынды. Ал қалған спортшыларымыз парадқа киіп шығатын форма классикалық үлгіде болады. Ол кезде Парижде 40 градусқа дейін ыстық болатынын білесіздер. Ауаның ылғалы да жоғары. Сондықтан арнайы матадан жеңсіз нұсқасы тігіледі. Ер спортшылардың басында тақия, қыздар формасының бір үлгісінде шалбар, екінші нұсқасында юбка болады. Екі нұсқасы да болады, — деді ол.

Комитет басшысы биыл спортшылардың олимпиадалық формасы тағы бір түрмен толыққанын атады.

Сонымен бірге парадтық спорт формасы бар, спортшыларымыз марапаттау рәсімінде киеді. Оның да ер балаларға және қыздарға арналған нұсқасы бар. Сондай-ақ, спорттық форма бар. Бұған дейін спорт формасы мен парадтық спорт формасы біреу болатын. Қазір біз спортшыларға ыңғайлы болу үшін шетелдік бренд Joma-дан толық 16 нұсқалы киім алып береміз. Оны спортшылар жолда, дайындық кезінде киеді. Бұл өзі жақсы матадан жасалған, халықаралық бренд. Азия ойындарының қорытындысы бойынша, спортшылардың талап-тілектеріне талдау жасап, соның негізінде халықаралық брендке тапсырыс бердік. Бүкіл форма демеушілердің есебінен алынады. 15 нұсқадан осы үлгі таңдап алынды. Енді тіге бастаймыз. Бұл жолы бұл киімдерді спортшыларға ойындардың басталуына 35 күн қалғанда таратамыз, — деді Ербол Мырзабосынов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрілігі
Өзгелердің жаңалығы