Қазақ спортшылары өткен аптада қандай жеңістерге жетті?
Қазақ спортшылары өткен аптада бірнеше спорт түрінен жарқын жеңістерге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.
Көркем гимнастика: Болгария астанасы Софияда өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол доп және лента жаттығуларында алтын, шығыршық жаттығуында күміс медаль жеңіп алды.
Семсерлесу: Индонезияның Бали қаласында өткен Азия чемпионатында отандастарымыз бір күміс және бір қола медаль олжалады.
Спорттық гимнастика: Өзбекстанда өткен Challenge Cup жарысында ұлттық құраманың үш спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Байдарка және каноэмен ескек есу: Таиландтың Районг қаласында өткен Азия чемпионатында (U23) ұлттық құрама 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Күрес: Вьетнамның Вунгтау қаласында мәресіне жеткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында палуандарымыз 6 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.
Жағажай волейболы: Таиландтың Ройет қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл – ел тарихындағы жастар арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы алтын.
Садақ ату: Қазақстан құрамасы Сингапурде өткен Азия кубогі кезеңінде екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
Теннис: Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің 11-ракеткасы ресейлік Даниил Медведевті жеңді.
Сондай-ақ Зарина Диас Испанияда өткен ITF W35 турнирінде топ жарды.