Қазақ снайперлеріне «Халық қаһарманы» атағы берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақтың атақты снайперлеріне «Халық қаһарманы» атағы берілгенін айтты.
Сүйінші! Тарихи әділдік орнады. Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, алмаған қазақтың атақты снайперлері – Әбдібеков Төлеуғали мен Сүлейменов Ыбырайымға Мемлекет басшысының жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді, – деді ол Facebook-тегі жазбасында.
Ол мергендік қабілет қазақтар арасында ежелден бері өте жоғары бағаланғаннын атап өтті. Айтуынша, соғыс жылдарында жоғары дәрежелі снайперлер арасында қазақтар саны аз болмаған.
Соның ішінде әсіресе көзге түскен Әбдібеков Төлеуғали – 1916 жылы Семей облысында туған, гвардия аға сержанты, 8 гвардиялық атқыштар дивизиясының снайпері. Екі жылға жуық мерзімде, 1942 жылдың 14 мамырынан бастап 1944 жылдың 21 ақпанына дейін, ол 397 фашисті жойды! Істің қыр-сырын үйрете отырып, ол 32 снайпер дайындады, – деді Мәжіліс депутаты.
Әбідғалиұлының атап өтуінше, 1944 жылдың 23 ақпанында Кеңес Армиясы күні Төлеуғали Әбдібеков жарақаттан қайтыс болып, Калинин облысы Ново-Сокольничий ауданының Насва станциясынан солтүстік-шығысында жерленді. Қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Аты аңызға айналған мерген Сүлейменов Ыбырайымның есімі көптеген адамға белгілі. Болашақ снайпер 1911 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, әскери атағы – старшина, 100 жеке атқыштар бригадасының снайпер-бақылаушысы. 1943 жылғы 16 қарашада Невел қаласынан батысқа қарай, Изоча станциясында өзінің есебін 289 адамға жеткізіп, соңғы тынысы қалғанша күресіп қайтыс болды. Осы шайқас үшін Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменов кейіннен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Мәншүк «Мәметова Кеңес Одағының Батыры» атағын алды, Ыбырайым Сүлейменовке «Ленин» ордені берілді, – деді Берік Әбдіғалиұлы.