Қазақ салтын дәріптеген неміс қызы

Павлодар облысының тумасы Эльдана Габермен қазақ салтын дәріптеп өскен өзге ұлты өкілдерінің бірі. Неміс қызы әр мерекеде шаңырағындағы дастарханын ұлттық тағамдарға толтырып, жұртшылықты тәнті етіп жүр. Оған қоса өнер жолын таңдап, үлкен сахналарда қазақ тілінде ән шырқап жүр. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі қазақ тілін жетік меңгеріп, ұлттық дәстүрлерді сақтады мақтан еткен азаматшамен тілдесті.

- Өзіңіз Ертіс өңірінің Аққулы ауданында тудыңыз. Ауылда өскен азаматшасыз. Өнер жолына келіп, шығармашылықты таңдауыңызға кім түрткі болды?

- Өнер жолымды, әрине, Аққулы ауданындағы мәдениет үйінен бастадым. Сол жерден ұлкен сахнаға қадам бастым деп айта аламын. Алғаш рет «Жас қанат» республикалық эстрадалық әндер байқауында облысымыздың намысын қорғадым. Сол кезде музыкалық колледждің домбыра бөлімшесінда оқып жүрген едім. Конкурс барысында ән салудағы ерекше қабілетімді байқаған белгілі продюсер, марқұм Мұрат Ерғалиев Астанаға жұмысқа шақырды. «Осындай талантыңмен қалып қоймайсың ба» деп алаңдаушылық білдірді. Осылайша, 17 жасымда колледжден академиялық демалыс алып, Елордаға жол тарттым. Сөйтім, Астананың мемлекеттік филармониясына жұмысқа орналастым. Кейін «Ұлттық Ұлан» ән-би ансамбліне әнші, вокалшы болуға ұсыныс алдым.

- Қазақ тілін жетік біледі екенсіз. Менімен еркін сөйлесіп тұрсыз. Мемлекеттік тілді тереңнен меңгеруге не ықпал етті?

- Шынымды айтсам, жұртшылық маған осы сұрақты жиі қояды. Мен қазақ-неміс отбасында тәрбиелендім. Анам – қазақ, әкем – неміс. Бойымда өзге ұлт өкілінің қаны босла да, жүрегіммен қазақпын. Ана тілім қазақ тілі, себебі, қазақи тәрбие алдым, қазақ мектебін тәмамдадым, мұсылман дінін қабылдадым. Балаларым да қазақша сөйлейді. Бәріміз Абай сөйлеген тілді құрметтеп, жұртқа үлгі болуға тырысамыз. Жұмыстағы әріптестерімнің арасында қазақ ұлтының өкілдері көп. Олармен тек мемлекеттік тілде сөйлеймін. Үш ұлым бар. Тұңғышым өнер жолын таңдады, Астанадағы ұлттық хореография академиясында оқиды. Ортаншым таеквандомен кәсіби тұрғыда айналысады. Кенжем бес жаста, келесі жылы мектеп табалдырығын аттайды.

- Керемет! Балаларыңызды қазақи дәстүр мен ұлттар достастығын үлгі ете тәрбиелеген жайыңыз бар ғой?

- Әлбетте! Балаларыма үлгі болуға тырысамын. Қазақстанда туып-өскендіктен, қазақтың салт-дәстүрлерін танытып, қазақ тілін меңгеруге үйретемін. Мереке, жиын, той-томалақтарда қазақтың бауырсағы, бешбармағы, құрты, көжесі, бір сөзбен айтқанда, ұлттық тағамдарымызды әзірлеймін. Аққулы ауданында тұратын нағашыларым қазақ қой. Демалыс кезінде балаларыммен қонаққа баруды жаным сүйеді. Жайлауға барып, қымыз, саумал ішеміз. Ұлттық дәстүрлерді қанына сіңірген ұрпақ жаман болып өспейді.

- Эльдана, қайырлы күн! Елімізде тойланатын ұлттық мерекелер қазақ болсын, орыс болсын, неміс болсын, кез келген ұлт өкілін бір арнаға тоғыстыратын керемет мүмкіндік десек, артық айтпағандық болар. Өзіңіз қандай мерекеге жақынсыз?

- Әрине, Ұлыстың ұлы күні. Бұл баршамызды біріктіретін мереке. Бұл күні бәріміз ел болып, бір бірімізге деген сыйластығымызды тағы бір мәрте көрсетеміз. Мерекені отбасымның ортасында атап өтуде жақсы көремін. Кең дастархан жайып, мәре-сәре болып жатамыз.

- Сіз әскери қызметтегі әйелсіз. Әрі шығармашылыққа жақын жансыз.

- Иә, әскери салада қызмет етемін. Қарулы күштер ансамблінде әртіспін. Сонымен қатар, әріптестеріммен тойлаймыз. Өзім шығармашылыққа, өнерге жақын болғандықтан, мерекені бар сән-салтанатпен мерекелейміз. Мәселен, биыл дастархан жайып, ауызашар бердік. Осы тектес игі дәстүрлеріміз баршылық. Ұжым екінші отбасымыз іспеттес. Әр мерекені жұмыс орнында тойлаймыз. Концерт ұйымдастырсақ, халық арасында атап өтеміз. Әскери салада сегіз жыл келісімшарт бойынша еңбек еттім. Еңбек жолымды Астанада «Ұлттық ұланның» бас орындаушысы қызметін атқарудан бастадым, бүгінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінде бас орындаушы болып жұмыс істеймін. Кіші сержант шенім бар.

- Көпұлтты елімізге не тілейсіз?

- Елімізде ең бастысы сыйластық болсын. Аспанымыз ашық болсын!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Э. Габерменнің жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы