Қазақ республикасының Конституциясы қайдан басталады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының күні. Осыған орай тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит Шілдебай мерекенің тарихына үңілді.
Осы күн қарсаңында БАҚ-та 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған ҚР Конституциясын «бесінші конституция» деп жазып жатады. Яғни, мұны жазып жүрген авторлардың барлығына ортақ қате – 1924 жылы ҚАКСР-де қабылданған Конституция жобасын Конституция есебінде қабылдау болып табылады. Шын мәнінде, ҚАКСР-де Конституция жобасы бірнеше мәрте талқыланып қабылданғанымен, олардың бір де бірін РКФСР БОАК-і бекітпеді. Парламент заңды қабылдағанымен, Президент қол қоймаса күшіне енбейтіні сияқты, мұнда да ҚАКСР Конституциясы ешқашан бекіп, күшіне енбеді. Бүгін осы мәселеге қысқаша тоқтала кетуді жөн санадық, - деді ол.
Ол атап өткендей, қазақ халқының мемлекеттілік дамуының бір кезеңі – Кеңестік Ресей құрамындағы автономиялық кезең.
Бұл кезеңде Қазақстанда жүргізілген мемлекеттілік құрылыс пен кеңестік құрылыс ісі Ресей Коммунистік партиясы большевиктерінің саясатына тікелей тәуелді болды. Мәртебесі бойынша қоғамдық-саяси ұйым болып табылатын Коммунистік партияның қолына іс жүзінде бүкіл саяси және мемлекеттік билік шоғырландырылды. Мемлекеттік мекемелердің барлығына бақылау жасады және басқару органдары мен олардың аппаратын жасақтады. Яғни, Коммунистік партия мемлекеттік биліктің тұтас бір жүйесіндегі әр кезеңдердегі Конституциялар бойынша «мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары» болып табылатын Бүкілқазақ съездерінен де, Орталық Атқару Комитетінен де жоғары тұрды, - деді Шілдебай.
Тарихшының айтуынша, Қазақ АКСР-нің мемлекеттік құрылым ретінде дамуында екі Конституциялық құжат қабылданды.
Оның біріншісі – 1918 жылы өткен Кеңестердің V Бүкілресейлік съезінде 10 шілде күні қабылданған РСФКР Конституциясының (1) негізінде Қырғыз (Қазақ) Кеңестерінің Құрылтай съезінің 1920 жылғы 6 қазан күнгі кешкі мәжілісінде екі қарсы және бес қалыс дауыспен көпшілік делегаттар қабылдаған «ҚКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» болды. Съезд ҚАКСР-ді жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы ретінде бекітті. Осы декларацияны қабылдау арқылы жарияланған ҚАКСР-ының құрылған күні – 6 қазан болып есептеледі. Бірақ, осы уақытқа дейін мәселеге орынды мән берілмегендіктен қателік туындап, ҚАКСР-інің құрылған күнін 26 тамыз (ҚАКСР-ын құру туралы декреттің қабылданған күні) немесе 4 қазан (ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі ашылған күн) күні атап өту орын алып келеді, - дейді ол.
Құрылтай съезд аталмыш декларация негізінде 1920 жылы 12 қазанда «Қазақ АКСР-де Кеңестік өкіметті ұйымдастыру туралы» ережені бекітті.
Осы ережеге сәйкес, ҚАКСР басқару органдары РСФКР басқару органдарының тікелей көшірмесі ретінде құрылды. Съезде ҚАКСР ОАК (бұдан ары – Қазатком) және ХКК (бұдан ары – Қазхалком) сайланды. ҚАКСР аумағындағы ең жоғарғы өкілетті мемлекеттік билік Кеңестердің бүкілқазақтық съезі болды. Ал Қазатком Кеңестердің бүкілқазақтық съезі аралығында жоғарғы заң шығарушы, басқарушы және бақылаушы органы болды. Қазатком Кеңестердің жалпықазақтық съезінде ашық дауыс беру арқылы бір жылға сайланды. Қазаткомның сессиясы 3 ай сайын шақырылып отыруы тиіс еді. Сессиялар арасында Қазатком атынан оның Төралқасы (10 мүшеден және мүшелікке 5 үміткерден құралды) билік жүргізді. ҚАКСР ХКК (үкімет) Қазаткомның өзіне берген құқықтары шегінде заң шығарушы, атқарушы және басқарушы органы болып табылды. Қазхалком негізінен ҚАКСР-дегі салалық істерді жалпы басқарумен айналысты, өз ісінде Қазаткомның алдында жауапты болды және Кеңестердің бүкілқазақтық съезіне есеп берді, - деді ол.
Ал екіншісі – 1918 жылғы РСФКР Конституциясының негізінде 1920-1923 жылдары дайындалып, 1924 жылдың 4-10 қаңтары күндері өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің төртінші съезінде қабылданған «ҚАКСР Конституциясының жобасы» еді.
Съезд қаулысында: «жалпы бекітілсін және аяғына дейін редакциялап, БОАК бекітуіне ұсыну ҚОАК-не тапсырылсын» деген шешім қабылданды. Бірақ, 1923 жылы 6 шілдеде 1-сайланған КСРО ОАК-нің 2-сессиясы қабылдап, 1924 жылы 31 қаңтарда Кеңестердің ІІ Бүкілодақтық съезінде бекітілген КСРО Конституциясына сәйкес, барлық одақтас республика осы Конституцияға қарап, өз Конституцияларын өзгертуі тиіс болды. Осыған орай, 1924 жылы 29 қаңтарда Кеңестердің ХІ Бүкілресейлік съезі «РСФКР Конституциясына өзгерістер енгізу және оларды іске қосу тәртібі туралы» қаулы қабылдап, 1925 жылы 11 мамырда Кеңестердің ХІІ Бүкілресейлік съезі бекіткен РСФКР Конституциясының қабылдануына байланысты БОАК «ҚАКСР Конституциясының жобасын» қараған жоқ, - деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстандағы мемлекеттік билік органдары қазақстандық компартия ұйымының конференциялары мен пленумдарында қарастырылып, қабылданған қаулылар мен қарарларды, нұсқауларды өз мәжілісінде қарастыратын. Сәйкесінше шешім қабылдайтын, оны жүзеге асыратын органдар дәрежесінде болды.
Ал орталық пен оның жергілікті жердегі солақай басшыларының шешімдеріне ұлттық мүдде мен жергілікті жағдай тұрғысынан қарсы келушілер «ұлтшыл» деген айдар тағынып, ұлыорыстық шовинизм мен атшабарлық амбиция дертіне шалдыққан қазақтар тарапынан қатал шабуылға ұшырайтын. Мысалы, РК(б)П-нің бірінші қазақстандық облыстық конференциясында-ақ, орталықтың шешімдерін жергілікті жағдай мен қазақ ұлтының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асыруды жақтаған қазақ қайраткерлері «ұлтшылдық» дертіне шалдыққандар ретінде айыпталды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандағы ұлттық мемлекеттіліктің кеңестік жобасы Орталықтағы саяси биліктің мүддесіне сай құрылды. «Қазақтың Советті Социалистік Республикасының Конституциясы (Негізгі Заңы), яғни, кеңестік Қазақ Республикасының тұңғыш Конституциясы 1937 жылы 26 наурызда кеңестердің Бүкілқазақстандық төтенше Х съезінде қабылданды. Сондықтан, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция – есеп бойынша «төртінші Конституция» болмақ, - деді ол.