Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ – Тоқаев
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуымыз қажет. Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді. Бұл мегажоба Ұлы Жібек жолын жаңғырту ісіне ықпал етті. Сондай-ақ, көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды. Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан, «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда, Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы елдер бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – қуанышты жағдай. Оған Қытайдың атсалысуы жобалардың табысты болуына септігін тигізері анық. Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн, - деді Президент.