Қазақ-қырғыз шекарасында сауда кешенін салатын инвестор әлі табылмаған
Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интергация вице-министрі Қайрат Төребаев конкурс өткізілгенімен қазақ-қырғыз шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешенін салатын инвестор табылмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте Сауда және интергация вице-министрі Қайрат Төребаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы «Қарасу «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.
Қырғыз Республикасының Президенті С. Н. Жапаровтың Қазақстанға сапары және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің 6-шы отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға, оның ішінде біздің елдеріміздің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, 2023 жылдың 9 маусымда Астана қаласында кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері жанында орналасады және өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұрады. Кешен сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асырады, - деп айтты Қайрат Төребаев Мәжілісте.
Сондай-ақ кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Төребаев атап өткендей, 2023 жылғы 9 маусымда Астана қаласында қол қойылған үкіметаралық Келісімнің 4-бабына сәйкес Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің (ИСЛК) қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқан.
Биыл 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс өткізді. 19 сәуір күні конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты бұл конкурстар өткізілген жоқ. Биыл мамырда конкурс қайта жарияланады. Кешенді салу бойынша одан әрі қарай жұмыс жүргізіледі, - деп түсіндірді Қайрат Төребаев.
Сауда министрлігі өкілінің айтуына қарағанда, келісімді ратификациялау өңір экономикасының дамуына және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.