Жақсы бокс кешін ұйымдастыру үшін мықты қарсыластарды тартып жатырмыз – Азамат Мәди
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 26 қазан күні Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешінде 9 отандасымыз рингке шығады. Бұл туралы «Qazaq Promotions» компаниясының атқарушы директоры Азамат Мәди арнайы өткен баспасөз мәжілісінде айтты.
«Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешіне дайындығымыз жақсы. 5 шілде күні өткізген жекпе-жек сияқты жоғары деңгейде болады деп ойлаймыз. Осы жолы 10 жекпе-жек болады. Оның 9-да қазақстандық боксшы шығады, ал біреуінде қытайлық промоушеннен келген спортшы жұдырықтасады», - деді ол.
Оның айтуынша, жарыс жеті салмақ бойынша өтеді. 55 келіде – Бексұлтан Раушанов, 63 келіде – Асқар Рубек, 72 келіде –Қанат Ислам, 74 келіде – Арман Рысбек, 94 келіде екі спортшы шығады, оның бірі Руслан Мырзатаев болса, екіншісі Нұрсұлтан Аманжолов.
«Өздеріңіз білесіздер ауыр салмақтағы жекпе-жектер өте қызықты болады, сол үшін екі спортшы шығарып отырмыз. Қалған үш боксшы басқа промоушенге кірмеген спортшылар, яғни жастарды қолдау мақсатында бірнеше нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Көптеген боксшылар бізге хабарласып, осы кеште жұдырықтасқысы келетіндерін айтуда. Солардың ішінен үшеуін таңдап аламыз»,-деді Азамат Мәди.
Сөз арасында ол, бокс қызықты өту үшін қарсыластарының деңгейі өте жоғары болу керектігін және осы тұрғыда жұмыс істеп жатқандарын айтты.
"Жұдырықтасатын екі спортшы бір деңгейде болу қажет. Сол кезде жақсы өнер көрсетеді. Осы тұрғыда біз боксшыларымыздың деңгейіндегі, тіптен олардан асып түсетін боксшыларды тартудамыз. Осы жолы Еуропа мемлекеттерінен ешқашан жеңіліп көрмеген спортшылар келеді. Бұл біздің жігіттер үшін үлкен сынақ болмақ. Шоу жасау үшін мықты қарсыластарды шақыру мақсатымыз болып отыр және жас боксшыларды қолдау үшін ешқайда шығып көрмеген, белгісіз спортшыларға мүмкіндік береміз", - деді ол.
Бұған дейін, қазанның 26-ы күні Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында Қанат Исламның қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтетіні туралы хабарлағанбыз.