Қазақ пен Тәуелсіздік – егіз ұғым

Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды жиі айтамыз, бірақ оның айтылуы неге өзге төл сөздеріміз секілді әуезді емес? Айтылуы қиындау секілді. Сол үшін түп-төркінін талдап көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тәуелсіздік күні өте маңызды мемлекеттік мереке. Осы құтты күнге жету үшін қаншама қыршын жан берілді, күрес жасалды, парасаттылық пен даналық көрсетілді.

Тәуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ әрі ешкім сыйға тартпады. Мұнда сақ, ғұн, түркі, қыпшақтан тараған, жарты әлемді өзіне бағындырған ұлы қағанаттар мен Алтын, Көк, Ақ Ордалар құрылған. Қазақ хандығының жалауын көтеріп, осы бақытты күнге жеткізген ұлы дала ұландары өмір сүрген. Олар кең байтақ жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, дара даналықпен, пайымды парасаттылықпен, дипломатиялық көрегенділікпен сақтап бізге сыйлады. Ең алдымен сол үшін бабаларымызға қарыздармыз. 

Сондықтан болар Тәуелсіздік күнінде ұлан-асыр той болмай, «Не көрсем де Алаш үшін көргенім / Маған атақ ұлтым үшін өлгенім. Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер / Істей берсін қолдарынан келгенін», деп азаттық жолында жанын құрбан еткен, бізді бақытты күнге жеткізген ел ерендері еске алынып жатады. Бір жылдан бері Республика күніне ұлттық статус беріліп, осы күні үлкен іс-шаралар өткізілсе, Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде осындай бағыт ала бастаған сыңайлы. Оған да негіз жоқ емес, Егемендік Тәуелсіздіктің алғышарты еді.

 

 

Тәуелсіздік сөзін айту неге қиын?

Енді Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды жиі айтамыз, бірақ оның айтылуы неге өзге төл сөздеріміз секілді әуезді емес? Айтылуы қиындау секілді. Сол үшін түп-төркінін талдап көрейік.

Біріншіден, Тәуелсіздік кірме сөз, ол араб тіліндегі «билеу, басқару» мағынасындағы توالي тaуaлли деген сөзден шыққан. Тауалла түбіріне қазақша «-сіз» жұрнағы қосылып «басқартпау, билетпеу» деген мағына жасалды, одан кейін «-дік» қосымшасы жалғанып, билетпеушілік деген мағынаға әкеліп тұрған болу керек.

Екіншіден, ол орыс тіліндегі независимость деген сөзден тікелей аударылған калька атау: зависимость = тәуелдік, независимость = тәуел+сіздік. Алайда орысша независимость термині де ағылшынша independenсе сөзінен ұқсатып жасалған: dependence = тәуелдік (зависимость) + in = болымсыздық префиксі.

 

Қазіргі туыстас тілдерде де тәуелсіздікті білдіретін терминдер әртүрлі үлгіде жасалған:

Қырғыз тілінде Көзкарансыздык «біреуге күнін қарамағандық, бағынбаушылық»

Өзбек тілінде Mustaqillik (арабша «бағынбаушылық» мағынасындағы истиклал сөзінен)

Азербайжан тілінде Мüstəqillik

Түрік тілінде Bağımsızlık (сөзбе-сөз аудармасы: «байлаулы еместік»)

Түрікмен тілінде Garaşsyzlyk («жалтақтаусыздық»)

Башқұрт тілінде Бойондороҡһоҙлоҡ («мойынтұрықсыздық»)

Татар тілінде Бәйсезлек («жіпке тағылмағандық, байлаулы еместік»)

Ескерту: мұндағы аудармалар шартты, сөзбе-сөз берілген, барлық терминдердің мағынасы «тәуелсіздік» дегенге келеді.

Қазақ тілінде тәуелсіздік сөзінен басқа осы мағынаға жақын төл сөздеріміз жоқ па? Бар, бірақ олар тәуелсіздік деген жаңа термин қолданысқа еніп, актив сөзге айналғаннан кейін мағыналық жағынан ұқсас басқа ұғымдар орнына қолданыла бастаған сияқты, салыстырыңыз: Егемендік / Бостандық / Азаттық / Еркіндік ...

Егемен термині «ие» мағынасындағы еге сөзінен келген, «осы жерге мен иемін, мен қожайынмын» дегендей мән бар. Бостандық сөзінің «еркін, азат» мағынасындағы бос түбірінен келіп тұрғаны анық байқалады. Еркіндік атауы еркін сөзінен келгені түсінікті, бірақ ол «күш, қуат, жігер» мағынасындағы ерк (ерік) деген сөзден шыққан (мысалы Ерік есімін ерігіп жүрсін деп емес, батыр болсын деп қояды), ал еріктің өзі «жетілу, кемелдену» мағынасындағы ер- етістігінен келіп тұр. Қазақ жазушылары шығармаларынан «қыз балалардың бой жетуіне» ер жетті деп қолданғанын көріп қаламыз, ол бекер емес, өйткені еру және жету екеуі бұрын бір мағынадағы қос сөздер болса керек. Сонда ер-жетті күрделі сөзі қыз немесе ұл деп ажыратпай бұрын «жетілді, өсті, кәмелет жасына келді» дегенді білдірген сияқты. Ал Азаттық термині парсыша азат сөзіне қазақтың жұрнағы жалғану арқылы жасалған.

Еркін, тәуелсіз ұғымына жақын тағы басқа сөздер бар ма?

Айтпақшы, қазақ сөзі де «еркін, азат, тәуелсіз, біреуге бағынбайтын» мағынасында емес пе? Қазақ хандығы құрылған кезеңге дейін қазақ сөзі осы мағынада қолданылып, еркіндікке ұмтылған ұлы даланың түркі тектес тайпаларын осы атау біріктірді. Кейін қазақ хандық, ұлы ұлт атауы ретінде әбден қалыптасып, оның сын есім ретінде қолданысы ұмытылып кетті.

Қазақ хандығынан екі ғасырға жуық ертерек кезеңде жазылған Мәмлүк қыпшақ арабша сөздігінде қазақ сөзінің бойдақ деген мағынасы тіркелген, қазіргі татар, чуваш тілдерінде оның сол мағынасы әлі де сақталған. Ал біз білетін «Еркін, қайсар, жауынгер, сарбаз» мағыналары XV-XVIII ғасырлардағы ескерткіштерде жазыла бастады. «Елден бөлініп кеткен, енші алған, жеке шыққан» деген мағынасы да жоқ емес. Сол мәні қазіргі қарашай-малқар тілінде айтылады. Бұл тілде қазақ бөрү қолданысы «үйірден бөлек кеткен қасқыр» дегенді білдіреді. Туысқан немесе көрші тайпалар өз хандықтарынан «қазақ шығып» бөлініп шыққан елге басында қазақ (енші алып, жеке ел боп бөлінген) деп атап, ол атау тұтас халық атына өзгерген болуы мүмкін емес пе? Тарихтан білетініміздей, халық атауын елдің өзі қоймайды оған ол атауды көрші елдері, жаулары, туыс халықтары қояды.

Қазақ сөзінің ең қызық мағынасы түрік тілінде сақталған. Түріктер біреу алдында мойын имейтін, әсіресе әйеліне сөз өткізе алатын ер адамды «қазақ еркек» деп айтып жатады.

Бұдан шығатын қорытынды, еркін, азат, тәуелсіз, егемен деген ұғымдардың бәрі қазақ атауымен егіз, бір, пара-пар, бәрі мағына жағынан жақын сөздер. Сонда қазақты еркіндіксіз елестету мүмкін емес деген сөз. Қазақ бір қоныста тұрмайды, көшеді, біреуге күні қарамайды, өз күнін өзі көреді, жалданбайды, құл болмайды, тіпті оны ұстамайды.... Сондықтан қазақ пен еркіндік екеуі ажырамайтын тең ұғым.

Тәуелсіздік деген терминнің өзі кірме болғаны бізге бұл ұғымның жат болғаны, қазақ халқының ежелден бері еркін, азат ел болғанының бір дәлелі болса керек. Тек соңғы ғасырда ғана патшалықтың қарамағанына өтіп, одан кейін алаштықтар бастаған қайраткерлердің зор еңбегімен Советтің құрамындағы жеке ел ретінде статусты алып берді. Қазақ ССР деген Республика статусы және Егемендік туралы декларация оның тәуелсіздігін жариялауға бірден бір құқық берді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын, еліміздің қарыштап дами берсін!

Марлен Әділов «Астана» халықаралық қаржы орталығының

аға менеджері, тіл маманы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Әділов Марлен
Өзгелердің жаңалығы