Қазақ пен қырғыз елінің салт-дәстүрінде ұқсастық көп - сарапшы

Сарапшы қырғыз бен қазақ халқының салт-дәстүріндегі ұқсастық туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ пен қырғыз арасындағы ағайындық қарым-қатынас қашанда көңіл қуантатын мәселе. Екі ел арасындағы ұқсастық тек түр-әлпетіміз бен тілімізде ғана емес, салт-дәстүрімізде де кездесіп жатады. 

Осы тұрғыда екі ел арасындағы байланысты нығайтуда қызмет етіп жүрген Айгүл Қапарова салтымыздың да бір арнада тоғысатынын айтады.

Ең бірінші рет Қазақстанға 1986 жылы келгенмін. Араға уақыт салып 1992 жылдан бері осында түбегейлі көшіп келіп, қазіргі таңда екі ел арасында қызмет етіп жатырмын. Байқағаным, қазақтармен түр-түлғамыз да, тіліміз де, әдебиет пен өнеріміз де ұқсас, ешқайсысын бөліп жара алмаймын. Екі ел арасындағы салт-дәстүрлерімізде бала туылғаннан бастап жасалатын тойларымыз бен дастархан жаю әдістерімізге дейін бірдей. Қызға құда түсу, сырға салу, киіт кигізу, баланы қырқынан шығарып, бесікке салу т.б. Қазақтар жеті атаға жетпей қызды айттырмаған. Қырғыздарда да тура солай, - дейді ол.

Сондай-ақ ол ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлерімізді түп-тамырын жоймай насихаттау керектігін алға тартады.

Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз керек. Төкпе ақындарға, айтыскерлерге қолдау көрсету керек. Балаларымыздың санасына салтымызды ерте жастан сіңіртіп, ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрлерін үйреткеніміз дұрыс. Мемлекет үшін де басты нәрсе сол – тарихты бала санасына саналы сіңіру, - деді Айгүл Қапарова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
Өзгелердің жаңалығы