Қазақ-өзбек қарым-қатынасының дамуына сыртқы ахуал мен ішкі мақсат ықпал етті - сарапшы
7-8 тамыз күндері Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары болады. Орталық Азиядағы екі бауырлас елді қазірдің өзінде көп нәрсе байланыстырады және болашақта талқылайтын ортақ мәмілелер де жоқ емес. Осыған орай осындай деңгейдегі сапар алдында BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Риззат Тасыммен сұхбат құрып, алдағы іс-шараға байланысты пікір білді.
Қазақ-Өзбек қарым-қатынасы соңғы жылдары қалай өрбіді?
Соңғы 3 жылда екі елдің жақындасуына сыртқы ахуал мен ішкі мақсаттардың жақындығы қосымша ықпал беріп, осыған дейінгі уақытпен салыстырғанда жан-жақты ілгеру бар сияқты. Президент Шавкат Мирзиеев 2016 жылы билікке келгеннен кейін алға тарта бастаған реформалардың бағыты елді "Жаңа Өзбекстан" талаптарына бейімдеу болды. Сондай-ақ оларда да конституциялық өзгерістер болғанын айта кетейік.
Осы және өзге де саяси өзгерістер Өзбекстан үшін басқа көршілес мемлекеттермен ынтымақтастықты қарқынды дамытуға жол ашты. Ал қазақ-өзбек қарым-қатынасына келер болсақ, ортақ бағдар қажет емес бәсекелестіктен арылып, қайта одақтас қатынастарға және стратегиялық ықпалдастыққа ауысты. Оған дәлелдің бірі – екі ел арасындағы экономика мен сауда-саттық.
Мәселен соңғы 10 жылдағы өзара тауар айналымының көрсеткіші жақсы деңгейде сақталып отыр. Өзбекстан Қазақстанның үздік 10 сауда серіктестерінің қатарына кіреді және қазақстандық тауарларды тұтыну бойынша екінші нарық болып саналады.
Болашақта қандай бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады? Қай саланы одан әрі нығайту қажет?
Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ-өзбек тандемі – өмірлік қажеттілік. Сондықтанда екі елдің тұрақты дамуын тек бірге және бірлесе қамтамасыз етуге болады. Мемлекеттердің негізгі даму мақсаттары да ұқсас, яғни ЖІӨ-ны екі еселеу. Қазіргі уақытта екі ел арасында 60-тан астам бірлескен инвестициялық жоба бар. Тараптар өзара экономикалық кооперацияны әлі де тереңдете алады.
Осы орайда, екіжақты сауда әлеуетін одан әрі кеңейтуде 2026 жылы іске қосылатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының маңызы зор. Алдағы уақытта шекарадан өту үшін оңайлатылған құжат айналымына көшуден бастап трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мен Орталық Азиялық бірегейлікті қалыптастыруға дейінгі кең мәселелер спектрін шешу тұр.
Қазақстан мен Өзбекстан айтылғанда су мәселесін айналып өту мүмкін емес. Осы мәселе қалай шешіледі деп ойлайсыз?
Аймақтағы су қауіпсіздік мәселесі негізгі проблемалардың бірі. Өйткені Орталық Азия мемлекеттері – судың ірі тұтынушылары. Орталық Азида 22 миллион адам, яғни аймақ халқының үштен бірі таза суға қол жеткізе алмай отыр. 2050 жылға қарай аймақ халқы 90-110 миллион адамға дейін өседі деп күтілуде.
Урбанизация, климаттың жылынуы және экономикалық өсу талаптары су ресурстарына қысымды күшейтеді. Суармалы жердің 50% суару-дренаж жүйелерінің жетілмегендігінен тұздануға және батпақтануға бейім. Groundswell есебі бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2,4 млн.-ға дейін “климаттық мигранттар” пайда болуы ықтимал.
Орталық Азияның мемлекеттері су тапшылығы бар елдер. Климаттың өзгеруімен және қарқынды суарумен қатар, осы саланы басқарудың олқылығы, мемлекетаралық ынтымақтастықтың әлсіздігі Орталық Азидада су дағдарысын тудырды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі, жаппай көші-қон және тіпті қақтығыстар тудыруы мүмкін. Мысалы, Арал теңізі бассейні суының 60%-ы Тәжікстан аумағында қалыптасады.
Сондықтан Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы ғана емес, барлық Орта азияның ықпалдастығы қажет.
Сұхбатыңызға рахмет!