Қазақ мемлекетінің карталары галереясы ашылды

ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының галереясы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шараның ашылу салтанатына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты.

Мемлекет басшысы біздің ғалымның атқарған жұмысына жоғары баға беріп, еліміздің өңірлерінде және шетелде жұртшылық ғылыми ізденістердің қорытындыларымен таныса алатын арнайы көрмелер ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Бүгін ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында біздің университетте XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталарының ең үлкен галереясы ашылды. Қазақстанның оқу орындарында XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің көне карталарының мұндай галереялары тарихы терең мемлекет ретінде үздіксіз мемлекеттілік туралы білімді нығайтуға септігін тигізеді, - деді ректор.

Сондай-ақ ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров шара аясында арнайы дәріс өткізді.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. Қазақ мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ мемлекеті. Атлас» кітабына табылған 1500 көне картаның 130-і топтастырылған. Жинақ 3 тілде дайындалып, елімізде ғана емес, шет елдерде де таныстырылған.

Бүгінде Қазақ мемлекетінің ең ерте картасы 1540 жыл деп белгіленген. Ол Швейцарияның Базель қаласында табылды. Жалпы бүгін ашылған XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің картасы галерея білім берудің барлық деңгейіндегі студенттерге әр салада жаңа құзіреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл түрлі ғылыми және білім беру пәндері аясында Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі туралы білімді нығайтуға, патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етіп, елдің саяси және мәдени брендін қалыптастыруға ықпал етеді. 12 сәуірде Брюссельдегі Еуропарламентте алғаш рет «XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі Еуропа және Америка карталарының галереясы» таныстырылады Бұл – тарихи оқиға, - деді ғалым.

Табылған және зерттелген карталар мен деректер 2022 жылы Қазақстан тарихының жаңа іргелі 5 томдық басылымына енген. Онда ЕҰУ профессоры Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарына байланысты екі авторлық бөлімді дайындады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ЕҰУ
Өзгелердің жаңалығы