Қазақ мәдениетін қуыршақ арқылы дәріптеп жүрген жан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде түрлі салада қызмет етіп жатқан нәзік жандылар өте көп. Әйелдер шаңырақтың ұйытқысы болып қана қоймай, ерлермен қатар жұмыс істеп жүргелі қашан.

Тіптен еліміздің дамуына да үлкен үлес қосып жатыр. Көктеммен бірге келген әйелдердің халықаралық мейрамы қарсаңында алматылық суретші әрі қуыршақ жасау өнерінің хас шебері Роза Сәрсебаевамен тілдескен едік.

Кейіпкеріміз өмір бойы суретші болып жұмыс істеген жан. Бір кездері Целиноград фарфор зауытында сувенир шығаратын цехта да қызмет етіпті. Онда эксклюзивті тапсырыстар жасаумен айналысқан. 1991 жылдары еліміз Тәуелсіздік алған соң ұлттық нақышта безендірілген қуыршақтар жасауды қолға алған.

1990 жылдардың басында Қазақстанға шетелдіктер көптеп келе бастады. Оларды қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі қатты қызықтыратын, соны көргісі келеліп іздейтін. Шын мәнінде қазақтың мәдениеті бай ғой, ұлттық киімдеріміз қандай керемет. Осының бәрін қуыршақтар арқылы көрсеткім келді,-дейді суретші.

Шебер қуыршақтардың киіміннен бастап ішіндегі мүсіндеріне дейін өзі жасайды. Алдымен қуыршақтың басын қыштан жасап, денесін сым темірмен өреді. Кейін оны мақта, матамен орап мүсінше етіп дайындайды.

Дене мүсінін жасап алған соң, соған ыңғайлап  әдемі киімдерді тігемін. Киімдер түрлі-түсті әдемі болып шығуы үшін жақсы талғам болу керек. Түстердің өзін қалай болса-солай таңдай беруге келмейді. Өйткені қазақтың бұрыннан қолданып келе жатқан табиғи түстері бар,-дейді Р. Сәрсебаева.

Не нәрсеге аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарайтын суретші қуыршақтың өзіне де немқұрайлы қарауға болмайтынын айтады. Сондықтан киім тігетін кәсіби мамандармен ақылдасып, кеңесіп, тіптен ұлттық киімдердің шығу тегін, қолданылу барысы бойынша зерттеу жүргізіп отырады.

Ұлттық киімдердің қолданылуының өзі бір әлем. Түрлі шапандар бар, қыздардың жасауының өзі қаншама бөліктен тұрады. Бұл тұрғыда үлкен зерттеу жасадым десем де болады. Апалардың сандықта жатқан киімдерін бәрін тексеріп, тігілу, қолданылу барысын әбден зерттедім. Сондықтан киім тіккенде артық ештеңе қоспаймын, қазақтың бұрыннан келе жатқан үлгісін ұстануға тырысамын,-дейді ол.

Роза Сәрсебаева қазір зейнетке шыққан. Үйде қолы босай қалса болды қуыршақтарын жасауға кірісіп кетеді. Бұл оның хоббиі әрі табыс көзіне айналған.

Қуыршақ жасағанды жақсы көремін. Қолым босай қалса болды шұқыланып, киім тігуге кірісіп кетемін. Не жасасамда бар ықыласымды салып, шын көңілмен жасаймын.  Ондай заттың энергетикасы да жақсы болады. Өз-өзін қинап жасаған зат дұрыс шықпайды. Сол себепті оған барыңды сала отыра жасаған жөн. Қыздарымды да үйреттім, олардың да қолдарынан келеді. Олар да өнер жолында қызмет етіп жүр. Уақыттары болғанда көмектеседі,-дейді ол.

Шебер әдемі қуыршақтарын арнайы дүкендерге шығарып сатпайды, тек қолөнершілердің жәрмеңкелеріне шығарып тұратын көрінеді. Көбінде тапсырыс бойынша жасайды. Оның қуыршақтары қатарында ұлттық киімдегі қыз, жігіттерден бөлек, бала ұстап отырған ана, бүркіт ұстаған адам да бар.

Бұрын жергілікті халық көп қызықпайтын, қазір олар да ала бастады. Тапсырыс береді, соған қарай жасап беремін. Көбі шетелге шығып бара жатқанда өзімен бірге сыйлық ретінде ала кетеді. Кейбір адамдар портреттік қуыршақтар жасап бересіз бе деп сұрайды, ондай қуыршақ жасағым келмейді. Таза өзімнің көңілімнен шыққан шығармашылық қуыршақтарды жасауды жөн көремін. Тапсырыс бойынша үлкен бір әулетті жасап берген кезім болды, яғни атасынан бастап немересіне дейін. Бірде тапсырыспен киіз үй  жасадым, яғни ішіндегі сандық, үстел сияқты заттарымын қосып жасадым. Біраз уақыттан кейін әлгі кісі келіп оны жаңа шаңырақ көтерген жастарға сыйлыққа бергенін айтты. Содан олардың баласы болмай жүр екен, ішіне бесік жасап беріңіз деп қолқа салды. Сөзге келмей жасап бердім, тағы біраз уақыттан кейін келіп әлгі ырымы орындалғанын айтып, жастардың балалы болғанын жеткізді. Мен үшін бұл да үлкен қуаныш,-деп еске алады суретші.  

Қолөнер майталманы туындыларының әр бөлшегіне үлкен мән беріп, қуыршақтарының мінсіз болып шығуына жұмыс істейді. Жас қыздар бейнесіндегі қуыршақты жасағанда артына міндетті түрде шолпы қояды, алдына қапсырмасын салады. Сонымен қатар, шекелік, сырға сынды дәстүрлі бұйымдармен де әрлендіріп отырады. Мұндай қуыршақтардың бағасы 9 мың теңгеден 35 мыңға дейін бағаланады.


Шебер сөз арасында мұндай өнер нағашы атасы Мұртазадан берілуі мүмкін екенін айтты. Ол кісі Орынборда ағаштан түрлі бұйымдар жасаған, сол өңірге аты белгілі шеберлердің бірі болған екен. Әсіресе  кебеже, қыста атқа шегетін шана жасаумен айналысыпты. Тіптен қыздардың жасауын да жасаған, яғни сандық, оқтау, тағы басқа қажетті бұйымдарды. Сондықтан шеберлік өнер сол кісіден даруы мүмкін деген ойда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы