«Қазақ күресі» ассоциациясының басшысы сайланды
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов «Qazaq kuresi» Ассоциациясының Президенті болып сайланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Qazaq kuresi» ассоциациясы қазақ күресінің әртүрлі ережелері бойынша жұмыс істеп келген үш федерациясының – «Qazaq kuresi» халықаралық федерациясы, «Qazaq kuresi» дүниежүзілік федерациясы және «Qazaq kuresi» республикалық федерациясын біріктіріп, 2022 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Ассоциацияның негізгі мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамытып, олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көп шығынды қажет етпейтін және балаларды теріс әдеттен аластататын спорт түрлерінің қатарында қазақ күресін дамыту қажеттігіне назар аударды. Осы орайда ұлттық спорт түрлері арқылы елдің имиджін көтеру керек. Қазақ күресі елді халықаралық аренада танымал ететін брендтердің біріне айналуы тиіс. Сондай-ақ Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілуі медальдық көрсеткіштерін жақсартып, елдің имиджін қалыптастыруға оң әсер етеді, - деді Ербол Мырзабосынов.
Жиынға Италия, Грузия, Әзірбайжан, Грузия елдеріндегі қазақ күресі федерацияларының басшылары, сондай-ақ UWW бюросының мүшесі Мария Родика Якшы онлайн қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, елімізде 122 607 адам жаттығатын 3897 қазақ күресі үйірмесі бар. Оның ішіндегі 2735 үйірме ауылдық жерлерде орналасқан. Ол жерде 73 054 адам жаттығады. Жалпы қазақ күресінен жылына түрлі деңгейдегі 700-ден астам жарыс өткізіледі. Халықаралық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді.
Жаңадан сайланған «Qazaq kuresi» ассоциациясының президенті Ербол Мырзабосынов – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы.