Қазақ киносы рекорд жаңартып, шетелдік фильмдерден алғаш рет озды

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мемлекет қаржысына түсірілген фильмдер көрерменге жетпейді деген кең тараған пікірді жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекет қаржыландырған картиналардың небәрі 10-15 пайызы ғана кең аудиторияға жетеді деген тұжырым бүгінде шындыққа жанаспайды.

Былтырғы жыл бойынша нақты санды қазір айта алмаймын, бірақ бірден атап өткім келеді: бұл – жаңсақ пікір. Мемлекеттік қаражатқа түсірілген 50-60 фильмнің тек 10-15 пайызы ғана көрерменге жетеді деген жағдай жоқ. Мүмкін, бұрын ондай жайттар болған шығар, ал қазір ондай жоқ, – деді Евгений Кочетов Сенатта өткен баспасөз мәслихатында берген сұхбатында.

Вице-министр өткен жылдың қорытындысы отандық киноға деген көрермен қызығушылығының артқанын көрсеткенін атап өтті. Мәлімдеуінше, тарихта алғаш рет қазақстандық фильмдердің кассалық түсімі шетелдік картиналардан асып түсті.

Өткен жылды қазақ кинематографиясының гүлденген кезеңі деп атауға болады. Біз алғаш рет қазақстандық фильмдерден түскен табыс шетелдік фильмдердің түсімінен асып түскенін көрдік. Көрермен қазақстандық киноны таңдай бастады, – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр мемлекеттік қолдау арқылы түсіріліп, коммерциялық тұрғыдан табысты болған жобаларды мысалға келтірді.

Оның ішінде мемлекеттік қаржы есебінен түсірілген фильмдер де бар. Мәселен, «Qaitadan» фильмі 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинады. Кинотеатрларда жақсы нәтиже көрсетіп жатқан өзге де фильмдер бар, – деп қосты ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, мемлекеттің кинематография саласындағы міндеттері тек прокаттық жобалармен шектелмейді. Жас режиссерлерді және фестивальдік киноны қолдау мәдени саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.

Мемлекет тек кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерді ғана қолдаумен шектелмеуі тиіс. Біз жас режиссерлерді де, фестивальдік киноны да қолдауымыз керек. Бұл нарықты ынталандыру үшін қажет, – деп түйіндеді вице-министр.

Біз бұған дейін қыз алып қашуды насихаттайтын әндердің мәтіні тексерілетіні жайлы жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы