Ұрпағыма қазақ халқын сыйлап өтуді аманат етемін
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бастарына күн туып, туған өлкелерінен ауып келіп қоныстанғанда қол ұшын берген қазақ халқына түрлі ұлт өкілдерінің алғыстары шексіз.
Алғыс айту күнінің басты мәні – елімізді мекен еткен көпұлтты халық арасындағы өзара ынтымақ, татулық, ауызбірлікті нығайта түсу, бейбіт өмірдің тамырын біліп, қадірін түсіну.
Қазақстанға ата-анаммен келгенде жасым үште ғана болатын. Ол кезде нені біліппін. Тек анамның көз жасын төге отырып айтқан әңгімесі жадымда жатталып қалды. Туған үйімізден бір түннің ішінде қуып шықса керек. Ата-анамыз қайда бара жатқандарын да білмепті. Бізді тауар тиейтін вагондарға салып, айдалаға әкеліп тастаған. Сол маңда тұратын қазақтар қасымызға келіп, жөн сұрасып, біздерді бауырына тартса керек. Содан кейін әйелдер қарны аш балаларды әке-шешелерімен бірге үйді-үйге бөліп алған. Осылайша бізді қонақжай қазақтар өлімнен аман алып қалды. Өзім Көкшетау қаласында 1953 жылдан бері тұрамын. Осында мектеп, институт бітірдім. Құрылыс саласында еңбек етіп, кейін мал шаруашылығына машықтандым. Қазір алты баладан алты немере сүйіп отырған бақытты атамын. Қазақтан тапқан жан достарым көп. Олармен өз бауырымдай араласып кеттім. Осындай мейірімді халықпен бітеқайнасып бірге ғұмыр кешіп жатқанымды Алланың берген сыйы деп есептеймін. Қазақ халқының қонақжайлылығы, сабырлылығы мен ақыл-парасаты алдында басымды иемін. Сонау қиын-қыстау заманда біздерді бауырына басып, барымен бөлісіп, аяқтан тұрып кетуімізге септігін тигізгені үшін алғысым шексіз. Өз ұрпағыма да қазақ халқын сыйлап өтуді аманат етемін, – дейді "Вайнах" шешен-ингуш диаспорасы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Герихан Точиев
"Чинсон" кәріс мәдени орталығының мүшесі Евгения Кимнің айтуынша, Қиыр Шығыстан қазақ жеріне жер аударылғандардың эшелондары келгеніне сексен үшінші жылға аяқ басыпты. Оның ата-әжесінің 11 баласы болған. Қазақстанға соның тек екеуі ғана тірі жетіпті. Қалған балалары жолшыбай көз жұмған.
Көкшетаудағы архив мұрағаттарында осыдан 75 жыл бұрын, 1944 жылдың 23 ақпанында Орталық Азияға шешендер мен ингуштерді жер аудару басталғаны туралы деректер бар. Осы жылдары Ақмола облысында 117 183 адам орналастырылды.Айлап жүрген азап вагонында адам төзгісіз жағдай қалыптасқан еді. Ата-әжемнің айтуларына қарағанда, аш-жалаңаш, арып-ашыған оларға талғажау етер тамақ та берілмеген. Тіпті ауыз суға да тарықтырып қойған. Тек аялдамаларда ғана құдайға қараған жандар аз-кем азық-түлікпен қарайласса керек. Бірақ аштықпен қоса түрлі дертке шалдыққан балалар жолшыбай бірінен кейін бірі көз жұмған. Қазақ жеріне күздің қара суығында жеткен. Үстеріне киетін киімдері де болмаған. Вагондарға отырғызған кезде барлық жағдай барған жерде көрсетіледі деп алдаған. Кәрістерді өздері де аштықтан енді ғана аман қалып, есін жиып жатқан жергілікті халық құшағына басты. Үйінің бір бұрышынан орын берді. Жылы киімімен бөлісіп, аузына барын тосты. Жылы сөзімен жандарын жылытты. Ондай сәтті қалай ұмытарсың. Қазақ даласына әкелінгендеріне шүкіршілік етеміз. Басқа өңірге жіберілгенде тағдырымыз қалай болар еді, ол да белгісіз, - дейді Евгения Ким.