Қазақ халқынан төртінші Орыс жүзін шығаруға болады – әлеуметтанушы

Бұл туралы әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов «Ұлттық идеология және ...» жобасында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің шекарадан кеткен орыстарды Ресейде дәл өзіндей орыс деп бауырына баспауы мүмкін. Бірақ мәселе оларды сыртта кім деп атауында емес, осы жерде өмір сүретін адам өзін кіммін деп атайтынында. Мысалы Геннадий Головкин не деді? «Шешем – кәріс, әкем – орыс, мен – қазақпын» деді. Былайша айтқанда, жеті атасы қазақ болмаған. Көбіміздің жеті атамыз XV-XVI ғасырдан бері қарай ғой, - деді Тілеубергенов.

Ол қазақ жеріндегі орыс халқы ары кетсе Ресей империясы кезінде біздің жерлерді отарлау барысында мәжбүрлі түрде көшірілген шаруалардың ұрпағы екенін еске салды.

Бұл ен далаға, Сарыарқаның жеріне өз еркімен келмеген қаншама славян халықтары бар. Енді олар «1991 жылдан бері біз ҚР азаматымыз, мен қазақпын» деп айта ма және олар солай айтуы керек пе? Егер олар солай айтуға ынтызар болса, «қазақ халқының ішінде төртінші Орыс жүзі сіздерсіздер» деп айтуға болатын еді, - деді әлеуметтанушы.

Ол кезінде төлендіктер руы деген солай шыққанын алға тартты. Өзінің ру басшысының саясатына көңілі толмағандар әрбір рудан бөлініп-бөлініп ханның маңайына жиналғанын және оларды төлендіктер деп атағанын айтты. Ілияс Тілеубергенов ұлтты, халқымызды алға қарай жылжыту үшін бір идея қалыптастыратын болсақ, ол идея тек Қазақстанда тұратын халықтардың бәріне ортақ болып қана қоймай, шетелдегі қандастарды да біріктіру керегін айтты.

Ол идеяға Орынбордағы, Қытайдағы қазақ, соңғы 5-10 жылда Америкаға, Еуропаға көшіп жатқан орыстілді қазақ кіре ме? Сол ұлттық идеяға Силиконовая долинадағы қазақ пен Ұлан-Батор жақтағы әлі дала мәдениетінде өмір сүретін қазақ кіре ме, кірмей ме? Бұл – өте маңызды. Өйткені Қазақстанға көші-қон болып жатыр. Біз қайтадан қазақ бар және оралман бар деп бөліп жатырмыз. Ал Американың паспортын алған адам итальян болса да, француз болса да өзін америкалықпын деп атайды. «Тегім негізі Италиядан, бірақ мен америкалықпын» дейді, - деді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын төменнен көре аласыз.

https://youtu.be/bnmfAo4VzDs?si=pDuEFkeUmbVJTTwo

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы