Қазақ басына үйірілген қара бұлт...
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына барып қайттық.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялағаны баршаға мәлім.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына байланысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар.
1925 жылы Филипп Голощекин «Кіші Қазан» төңкерісін ұйымдастырды. Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыруды көздеді. Оның солақай саясатына қарсы шыққан қазақ халқының бетке ұстар көшбасшылары мен зиялыларына жалған айып тағылып, оларды саяси репрессияларға ұшырату арқылы, жер аударып, абақтыға қамап, өлім жазаларына кесті.
Ауылды кеңестендіру жұмысын әлсіз деп есептеп, оны күшейтпекке бекінген Голощекиннің геноцидін айтпасақ болмас.
Ол кеңестендірудегі басты кемшіліктерді қазақ байларына, рулық қатынастарға жапты.
Ол таптық тұрғыны басты нысанға алып, ауыл байларына күресті күшейтті. Мұндай солақай бағыт қазақ басшылары мен зиялыларының назарына ілігіп, қарсылығына кезікті. Оларды «оңшылдар», «солшылдар» деп топтарға бөліп, қудалады. Голощекиннің бұйрығымен белсенділер «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатып, қара халықтың қолындағы бар малын тартып алып,қолдан аштық жасады.
Салдарынан мемлекетте 40 миллионнан астам мал басы қырылды. Осындай опасызықтың кесірінен халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, 1,5 миллионға жуық адам қаза тапты.
Зұламат заманнан аман қалған еліміздің ашаршылыққа дейінгі адам санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені қабырғаны қайыстырады.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының көрме залында, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына байланысты «Ашаршылық ақиқаты», «Саяси қуғын-сүргіндер:шындық пен ақиқат», «Азалы кітап», «32-нің ЗҰЛАМАТЫ», «Қазақ халқының қасіреті», «Жан қайғы», «ХХІ ғасырдағы алаштың ақ жолы», «Жазықсыз жазаланғандар», «Қазақ мемлекеттілігі және АЛАШОРДА», «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі», «58-статья зарзаман», «Зауал», «ALASH-ALZHIR» сынды құнды кітаптар бар. Қазіргі таңда сол жылдары озбыр саяатың құрбаны болған алаш көсемдерінің өмірлері мен еңбектеріне зерттеу жүргізудеміз. Бірақ бұл әзірше құпия, - дейді Әділәлі Жақыбай.
Автор: Раушан НҰРҒАЛИЕВА
Фото, видео: Раушан НҰРҒАЛИЕВА