Қазақ балаларын экзотикалық елдер асырап алғаны рас па? – СІМ жауап берді

Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған брифингте жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Себебі сенатор Дархан Қыдырәлі 18 қаңтардағы депутаттық сауалында «Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп» деп экзотикалық елдер жүзден аса қазақ баласын асырап алғанын мәлімдеген болатын.

Ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі ақпаратқа сәйкес, біз Африка елдеріне балаларды берген жоқпыз. Өйткені бізде 1990-2000 жылдары балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Ондай елдерге (Африка елдеріне) біз балаларды бермейміз, - деді ол.

Ресми өкіл «шетелдіктер асырап алған балалар туралы ақпарат жоқ» деген де шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

Барлық бала бойынша ақпараттарды жинап отырамыз. Әрине, кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кетіп, ақпарат болмай қалуы мүмкін. Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұр, - деді Смадияров.

Алайда ресми өкіл кәмілет жасқа толғаннан кейін бала сол елдің азаматтығын алса, ҚР тарапы ешқандай әрекет жасай алмайтыны айтты.

Шетелдіктер асырап алған қазақстандық бала 18 жасқа дейін Қазақстан Республикасы азаматы болып қалады. Оны біздің шетелдегі консулдар бақылап, көмектесіп жүреді. Арнайы бағдарлама бар. Бірақ 18-ге толғаннан кейін ол бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Егер сол елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз, өзінің жеке шешімі, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы