Қазақ анимациясы қай бағытта дамып келеді?
Қазақстандық анимация өнерінің тарихы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қысқаметражды мультфильмі арқылы басталғаны баршаға мәлім. 1967 жылы жарық көрген Әмен Хайдаровтың аталмыш туындысы қазақтың халық ертегілері негізінде жасалып, ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейде танытуға жол ашты. Жарты ғасырлық тарихы бар ұлттық анимация саласының бүгінгі деңгейі қандай? BAQ.KZ тілшісі осы тақырыпты зерделеп көрген еді.
Соңғы 5-10 жыл ішінде ұлттық анимация саласы айтарлықтай алға жылжыды. Мәселен, 2024 жылы мемлекет қазақ тіліндегі мультфильм жобаларын қолдау үшін бюджеттен үлкен көлемде қаржы бөлінді. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі креатив индустриясының жалпы көлемі 2023 жылы 1,2 трлн теңгеден асқаны, ал 2024 жылдың бірінші жартысында шамамен 498,7 млрд теңге болған. Бұл көрсеткіштер анимация өнімдерін, мультфильмдер мен анимациялық сериаларға деген мемлекеттік қолдау мен нарықтың қызығушылығын арттырғанының дәлелі.
Сонымен қатар, қазақстандық анимациялық туыдылар соңғы жылдары халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып жүргенін де мақтанышпен айтуға негіз бар. Сөзімізге дәлел ретінде халықаралық фестивальдерде жүлдеген атанған бірнеше туындыны ұсынайық:
«Besik Zhyry» атты қысқаметражды мультфильм 2023 жылы Мадри́дтегі MADFA Madrid Film Awards фестивалінде ең үздік қысқаметражды анимация ретінде танылды. «Muzbalak», «Қазахфильм» студиясының толықметрлік мультипликациялық фильмі, Швецияның Stockholm Film & Television Festival және Үндістандағы Golden Bee сияқты фестивальдерде жүлделер алды.
Seriktes қысқаметражды мультфильмі Франциядағы Animated Expressions Expo-да үздік қысқаметражды фильм атанды.
Бұл табыстар – кинотеатрдан тыс, халықаралық аудиторияға қазақ мәдениетін паш ету мен саланың сапалы өнім беру деңгейінің артқанының белгісі.
Қиындықтар: қаржы, кадрлар, нарық
Дегенмен, анимация саласында әлі де болса шешімін күтіп жатқан мәселелер бар. Мемлекеттік гранттар мен қолдау болса да, анимациялық жобаларды қаржыландыру оңай емес. Толықметрлік 3D анимациялық фильмдер жасау үшін бір ғана жобаға қажетті бюджетті қамтамасыз ету өте қиын.
Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Жасыратыны жоқ, бүгінде бұл салада адал қызмет ететін білікті аниматорлар, сценаристер, режиссерлер, графикалық дизайнерлердің қарасы қалың деп айта алмайсмыз. Жас мамандардың көпшілігі перспективалық студиялардан жұмыс іздейді немесе шетелде жұмыс істеуге кетеді. Бұл саладағы тәжірибелік оқу бағдарламаларының, маман даярлау мүмкіндігінің жеткіліксіздігіне әкеледі.
Тағы бір түйткіл – технология және өндірістік инфрақұрылым. Жоғары сапалы анимация жасау үшін соңғы жүйелер – 3D, MoCap (қозғалыс жазу), визуал эффект құралдары қажет. Әзірге көптеген жобалар бюджеттің қысқалығы, жабдықтың шектеулігі салдарынан сапалы құралдарға толық жеткізе алмайды.
Атап айтатын тағы бір мәселе – нарыққа шығу және тиісті тарату. Көптеген мультсериалдар мен фильмдер Қазақстан көлемінде көрсетіледі, бірақ оларды халықаралық нарыққа шығару, стриминг сервистеріне келісім жасау қиын. Ата-аналар мен балалар арасында қазақ тіліндегі анимацияға сұраныс болса да, телеарналар көбіне шетелдік контентті көп қолданады. Себебі олардың эпизод саны көп, коммерциялық жағы сенімді.
Қазақстандағы анимация индустриясы – бастамашылдық, идеялық жаңалық, мәдениет пен экономика арасындағы көпір ретінде ірі мүмкіндіктерге ие сала. Тарихынан рух жинаған, қазіргісінде мемлекеттік қолдау мен халықаралық марапаттар арқылы беделі артып келе жатқан сала. Бірақ қаржы, кадр, материалдық база сияқты қиындықтар әлі де болса шешімін күтіп тұр.
Егер аталған бағыттарды дұрыс іске асыра алсақ – тіл мен ұлттық құндылық сақталып, шығармашылық сала экономикаға да, мәдениетке де үлкен үлес қосатын болады. Қазақ анимациясының болашағы жарқын – бастысы, жұмыс кері кетпей, жаңалыққа ашық, сапа мен идеалда өмір сүретін жобалар көбейе берсін.