Жастар жылы. Қазақ-Америка университетінде арулар байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық білім беру корпорациясының қолдауымен Қазақ-Америка университетінің студент қыздары арасында «Queen of University-2019» арулар байқауы өтті. Биылғы жарияланған Жастар жылы аясында Қазақ-Америка университеті студент жастардың осындай игі бастамаларын қолдай отырып, барынша көңіл аударып отыр. Бұл туралы университет баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл сайынғы өткізілетін дәстүрлі шара ҚАУ студент өнерпаздарының өмірдегі естен кетпес ең жарқын сәттерінің бірі болып қалары анық.

«Queen of University-2019» байқауына қатысқан ҚАУ-нің сәнқой арулары «Ерке-Нұр» сән үйінің ұлттық нақыштағы киім үлгілерінің көрсетілімін көпшілік айрық қызығып тамашалады. Ең сұлу ару киетін тәжіге 12 үміткер қыздар таласты. Олар бірнеше ай бойы жарысқа дайындалып, өздерінің табиғи таланттарын көрсетуге тырысты.

Олардың барлығы – қазақ қыздарының қас сұлулары әлемдегі нәзіктік пен сұлулық үйлесімінің көрінісі іспетті. Әрине, бұл таңғажайып ертегідегідей сәттер олардың есінде мәңгі анық.

Байқау ережесіне сай арулар сахнада шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін көрсетті, сондай-ақ, коллекциялық киім мен кешкі көйлек үлгісін таныстырды.

Қазылар алқасының құрамында дизайнерлер мен модельдер болды. Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың талантын Юнеско-ның ҚР-дағы геосаясаттар жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Диляра Вудворд, ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің кеңесшісі Руслан Бультриков, "Ерке-Нұр" сән үйінің жетекшісі Фарида Мерхамитқызы және мәдениет, өнер қайраткерлері жоғары деңгейде бағалады.

Айта кету керек, америкалық және қазақстандық білім беру бағдарламаларының синтезі негізінде осындай жоғары оқу орнының рухани-мәдени маңызды байқауының негізін қалаушы ҚАУ-нің президенті Амирлан Құсайыновтың өзі болды. Мәселен, 1997 жылдан бастап ҚАУ еліміздің білім беру алаңында өзінің табыстылығымен іргелі білім ордасының қатарында келеді.

Биыл қазақы дәстүрлерді кеңінен насихаттап жүрген байқауға 21 жыл толып отыр.

"Біздің әріптес ұйымдарымыздың арқасында байқау әрдайым жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Мұндай бірегей жобаның мақсаты – жас ұрпақты қоғамдық және мәдени өмірге тарту, эстетикалық талғамды қалыптастыру және жоғары адамгершілік идеалдарын тәрбиелеу, жастардың ұлттық дәстүр мен ел тарихын, әдебиетін жетік білуге тәрбиелеу", - деп атап өтті сыртқы байланыстар және студенттік мәселелер бойынша проректоры Жанерке Иманбаева.

Өнерлі әсем ару құстардың бекзаты - аққудың сұлулығын бейнелейтін "Аққу" биін асқан шеберлік орындап көрерменді тәнті етті.

"Араулар арасынан өн бойы озық шыққан "Радиотехника, электроника және телекоммуникация" мамандығының 2 курс студенті Айдана Нұрбаева сұлулық байқауының тәжісінің иегері атанды. "Бұл байқаудан көп нәрсені түйдім. Бізге ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз. Бұл жоба маған өз армандарымды жүзеге асыруға үлкен әсері болатыны сөзсіз", - деді Айдана. 

Салтанатты кештің соңында Қазақ-Америка университетінің вице-президенті Ерік Бесимбаев байқаудың жеңімпазы Айдана Нұрбаеваға 180 000 теңгенің қаржылай сертификатын табыс етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы