Қазанында инфляция деңгейі қанша пайызға өсті?
2024 жылдың қазанында айлық инфляция деңгейі үдей түсіп, 0,9% болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақылы қызметтердің бағасы 1,4%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 1%, азық-түлік тауарлары 0,4%-ға өсті.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында суық су 25%, су бұру 5,3%, тұрғын үйді күтіп ұстау 1%, электр энергиясы, ыстық су тарифі 0,6%-ға қымбаттады.
Теміржолмен жолаушылау қызметі 13%, ұялы байланыс құны 5%-ға жоғарылады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде қазан айында отын бағасы өсті – 4,7%, тас көмір – 1,1%. Тұрмыстық техника – 2,6%, киім мен аяқ-киім – 0,9%, құрылыс материалдары мен жеке пайдаланылатын тауарлар 0,4%-дан қымбаттады.
Азық-түліктен қияр 9,7%, қызанақ 8,6% , лимон 7%, апельсин 6,7%, тұз 6,5%, жұмыртқа 3,2%, күнбағыс майы 2,4% өсті. Сәбіз 10%, жүзім 5,7%, алма 3,4%, қызылша 3,2%, пияз 2,8%, картоп 2,1%-ға арзандады.
Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Алматы қаласында – 1,7% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары), ең төменгі – Павлодар облысында және Астана қаласында 0,4%-дан тіркелді.