Қазан айында өндіріс саласының мамандарына сұраныс артты
Қазан айында Электрондық еңбек биржасында 131,8 мың бос жұмыс орны және 111,5 мың түйіндеме орналастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қыркүйекпен салыстырғанда еңбек нарығында сұраныстың өсуі байқалады (+4% немесе 1,7 мың бос жұмыс орны), ал ұсыныс 2%-ға төмендеген (-2,3 мың түйіндеме).
Қазан айында сұраныстың ең көп үлесі өндіріс саласына түсті – 19,7 мың бос жұмыс орны, бұл өткен айға қарағанда 71%-ға (8,2 мың бос жұмыс орны) артық. Өндірістік саладағы сұраныс өсімінің үштен бірінен астамы (35% немесе 2,8 мың бос жұмыс орны) Батыс Қазақстан облысына, оның ішінде Қарашығанақ кен орнын кеңейту жөніндегі жобаны іске асыруға байланысты келді. Нәтижесінде өңір ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының жалпы санын (+67% немесе 3,8 мың бірлік) ұлғайту бойынша көшбасшы болды, – деп хабарлады Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия және үлкен деректерді талдау департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.
Қазан айында жұмыс берушілер тарапынан белсенділік Түркістан (+36% немесе 2,8 мың бірлік) және Қызылорда (+30% немесе 1,1 мың бірлік) облыстарында да байқалды.
Еңбек нарығында білім беру және тәрбие саласының қызметкерлері үшін бос орындар санының қыркүйекпен салыстырғанда айтарлықтай төмендеуі
(-43% немесе 13,4 мың бірлік) байқалады. Бұл ретте білім беру секторындағы белсенділіктің төмендеуі жұмыс берушілерге ғана емес, жұмыс іздеушілерге де әсер етті. Мәселен, орта мектеп мұғалімі лауазымына кандидаттар орналастырған түйіндемелер саны қазан айында 30 %-ға немесе 3,3 мың бірлікке азайды.
Қазан айында ең көп сұранысқа орта білікті жұмысшылар ие болды
(65,2 мың бос жұмыс орны немесе ЭЕБ-ға жалпы сұраныстың 49,2%). Жоғары білікті мамандар үшін 31 мың бірлік немесе жалпы бос жұмыс орындарының 24%-ы болды. Біліктілігі жоқ жұмыс күшіне 35,6 мың бос жұмыс орны немесе жалпы республикалық сұраныстың 26,8%-ын құрады.
Ұсынысқа келетін болсақ, ЭЕБ-ға ең көп түйіндемені қазан айында орта білікті қызметкерлер орналастырды – 44,2 мың бірлік немесе жалпы ұсыныстың 40 %-ы. Өз кезегінде жоғары білікті мамандар 39,2 мың түйіндеме (жалпы ұсыныстың 35%) орналастырды. Біліктілігі жоқ қызметкерлердің түйіндемелерінің үлесі жалпы санның 25%-ын немесе 28,1 мың бірлікті құрады, – деді Ұлпан Шегенова.
Өңірлер бөлінісінде орналастырылған түйіндемелер санының ұлғаюы Алматы (+44% немесе 3,5 мың түйіндеме) және Астана (+19% немесе 1,4 мың түйіндеме) қалаларында, сондай-ақ Атырау облысында (+17% немесе 1 мың түйіндеме) тіркелді.
Нақты мамандықтар бөлінісінде ЭЕБ-да байланыс орталықтары операторларының (олар үшін бос орындар саны ізденушілер санынан 4,5 мың бірлікке артық), қазандық операторларының (3,2 мың бірлікке), сондай-ақ от жағушылардың (3 мың бірлікке) тапшылығы байқалды. Сонымен қатар, шет тілі мұғалімдерінің позициясына үміткерлер саны, керісінше, ұқсас бос жұмыс орындарының санынан 1,2 мың адамға, вахтерлер – 1 мың адамға, заңгерлер – тиісінше 0,9 мың адамға асып түсті.
Қазан айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақы мөлшерін құрылыс зертханасының инженері (орта есеппен 600 мың теңгеден бастап), өнеркәсіптік альпинистерге (583 мың теңгеден бастап), сондай-ақ бас агрономдарға (580 мың теңгеден бастап) ұсынды. Өз кезегінде, жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақыны тауар биржаларындағы трейдерлер (орта есеппен 1,5 млн теңгеден бастап), білім беру саласындағы ғылыми қызметкерлер (1,1 млн теңгеден бастап), сондай-ақ кеме капитандары (931 мың теңгеден бастап) сұрады.