Қазалылық ғасыр ана шөбересімен бірге дауыс берді
Сыр бойылық тұрғындар ел болашағы үшін маңызды саналатын сайлау науқаны кезеңінде белсенділік танытуда. Сайлаушылардың қатарында қазалылық 100 жастағы кейуана да бар. Ғасыр жасаған ана ұрпақтарымен бірге дауыс берді деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында таңғы жетіден бері сайлау учаскесіне келушілердің қарасы көбеюде. Олардың қатарында жүз жасаған жандар мен кәмілет жасқа толып, алғаш дауыс беруге келгендер де бар.
Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны Шамша Аймашқызы ̶ №64 сайлау учаскесінде дауыс беруге алғаш келген сайлаушы. Кейуана маңызды саясаи науқанда дауыс беру ашық түрде жарияланған соң, өз таңдауын жасауға немере-шөберелерімен бірге барған.
Ұрпағымыздың келешегі үшін маңызды саналатын саяси реформаға бей-жай қарамай, таңсәріден келіп таңдауымды жасадым. Осындай саяси науқан аясында барлық сырбойылық қалыс қалмағаны дұрыс. Оң өзгерістер бәріміз үшін қайырлы болсын, – деді кейуана.
Алты балаға өмір сыйлаған Батыр ана өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Алдабергенов елден ерте тұрып, маңызды іске бей-жай қарамай ғасыр жасаған анаға сыйлық тапсырды. Қазіргі таңда он бес немере, жиырма сегіз шөбере, сегіз шөпшек сүйген Шамша Аймашқызы саналы ғұмырындағы барлық саяси кезеңдерден қалыс қалған емес.
Қазақ халқы үшін қасиетті саналатын әз Наурыз мерекесінің қарсаңында өз таңдауын жасауға келген сайлаушылардың қатарында №67 сайлау учаскесіне келген Рая Мырзағұлова мен №66 учаскесінде өз таңдауын жасаған Айгерім Жақсыбай бар. Олар сайлау учаскесіне жүзінші болып келіп, сыйлық алды.
Тосыннан берілген сыйды күтпегеніміз рас. Жан-жақты дайындық үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Халық таңдаған үміткерлер елдің қамын ойлап, әлеуметтік хал-ахуалын арттыруға өз үлесін қосарына сенеміз, - дейді Рая Мырзағұлова.
Таң сәріден бергі көріністен аудан аумағында орналасқан 40 сайлау учаскесінің жан-жақты дайындығын көруге болады. Мұнда сайлаушыларға арналып түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, әр адамның таңдауы маңызды саналатын тұста ауданның брендік өнімі саналатын «Қазалы» кәмпиті сатылымға шығарылды. Қазалы қаласындағы №17 мектепте орналасқан №65 сайлау учаскесінде қолға алынған бұл бастама тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін көтергені анық.