14 Шілде 2026, 14:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«ҚазАгроҚаржы» жарты жылда 250 млрд теңгеден астам сомаға техниканы лизингке берді

Лизингке берілген техниканың басым бөлігі – 6 381 бірлік техника немесе 209,1 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру жылдық 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Қазақстандық аграршылар 2026 жылдың алғашқы алты айында жалпы құны 250,5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында лизинг көлемі 126,6 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 250,5 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, компания жоспарлы межеден де жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Лизингтік қаржыландыру көлемі бойынша көш бастап тұрған өңірлер:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 53,6 млрд теңге;
  • Қостанай облысы – 44,3 млрд теңге;
  • Ақмола облысы – 40,1 млрд теңге.

Компанияның мәліметінше, бұл өңірлер астық өндірісі жоғары аймақтар болғандықтан, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға сұраныс та жоғары.

Лизингке берілген техниканың басым бөлігі – 6 381 бірлік техника немесе 209,1 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру жылдық 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Сонымен қатар басқа бағдарламалар бойынша да техника сатып алу жалғасуда:

  • «Агролизинг» (12,6%) – 34,6 млрд теңгеге 1 189 техника;
  • «Қазақстанда жасалған» (6%) – 4,4 млрд теңгеге 146 техника;
  • 6%-дық жеңілдетілген лизинг – 2,4 млрд теңгеге 51 техника;
  • «Өз жемшөбің» (6%) – 16,2 млн теңгеге 2 техника.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Еркебулан Жумжаевтың айтуынша, қол жеткізілген нәтиже жеңілдетілген бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді.

Мұндай өсім кездейсоқ нәтиже емес. Бұл – еліміздің барлық өңірлеріндегі фермерлермен жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Жеңілдетілген бағдарламалар аграршылардың техника паркін жаңартуға деген сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Екінші жартыжылдықта қаржыландыру көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша компанияның лизингтік бағдарламаларын 3 931 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланған. Олардың қатарында шағын шаруа қожалықтары да, ірі агроқұрылымдар да бар.

Компанияға жыл басынан бері жалпы құны 311,5 млрд теңгеге жуық және 9 мыңға жуық техникаға қатысты өтінім түскен. Бұдан бөлек, 35,9 млрд теңгеге бағаланған 859 техника бойынша өтінімдер мақұлданып, келісімшарт рәсімдеу кезеңінде тұр. Ал жалпы сомасы 25 млрд теңгені құрайтын өтінімдер қаралып жатыр.