Қаза тапқан қызметкердің әйеліне төленетін ақша көбейді
Біржолғы ақшалай төлемнің және өмір бойына төленетін ай сайынғы ақшалай төлемнің мөлшері ұлғайтылды.
Кассациялық сот қаза тапқан қызметкер жесірінің ақшалай төлемдер алу құқығын қалпына келтірді.
Талап қоюшы Ж. 2012 жылғы маусымда жұбайының қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза табуына байланысты біржолғы ақшалай төлемді және өмір бойына ай сайынғы ақшалай төлемді тағайындау туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Бірінші сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы сот келіскен қорытындыларға сүйене отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандырды. Соттар шешім қабылдау кезінде ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №1048 қаулысымен бекітілген Құқық қорғау органы қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкерінің отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдерді жүзеге асыру қағидалары мен мөлшерлерін басшылыққа алды. Алайда соттар Қағидалардың қаза тапқан қызметкердің соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қамтылымының 40 пайызы мөлшерінде төлем төлеуді көздейтін ережелерін дұрыс түсіндірмеген, - деп хабарлады Кассациялық соттың баспасөз қызметі.
Төлем мөлшерін есептеу кезінде соттар қызметкердің қаза тапқан кездегі ақшалай қамтылымының мөлшерін негізге алып, оны талап қоюшы төлем тағайындау туралы жүгінген күнге дейін осы лауазым бойынша болған кейінгі өзгерістерді ескере отырып есептеген.
Кассациялық сатыдағы сот мұндай тәсілді қате деп таныды. Соттың түсіндіруінше, аталған нормаға сәйкес төлем қаза тапқан қызметкердің соңғы атқарған лауазымы бойынша белгіленген ақшалай қамтылым негізінде есептелуге тиіс, ал осы лауазым бойынша кейіннен болған өзгерістер есепке алынбайды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар соттар талап қою мерзімі туралы нормаларды да дұрыс қолданбаған. Олар Қағидалардың 10-тармағына сілтеме жасап, қайта есептеуді талап қоюшы сотқа жүгінгенге дейінгі бір жылмен ғана шектеген.
Кассациялық сатыдағы сот сот актілерін осы бөлікте өзгерте отырып, ҚР Азаматтық кодексінің 187-бабының талаптарын басшылыққа алды. Аталған бапқа сәйкес, талап қою сотқа берілгенге дейінгі үш жылдан аспайтын кезең үшін ғана қанағаттандырылуға жатады. Үш жылдық талап қою мерзімін қолдану нәтижесінде өндіріп алынуға жататын біржолғы ақшалай төлемнің және өмір бойына төленетін ай сайынғы ақшалай төлемнің мөлшері ұлғайтылды, - деп хабарлады Кассациялық сот.
Осылайша, кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылуын қамтамасыз етті және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкердің отбасына заңда көзделген әлеуметтік кепілдіктердің неғұрлым толық көлемде жүзеге асырылуына ықпал етті.