Қаза тапқан кеншілердің отбасына 10 жылдық жалақы төленді

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына он жылдық жалақы төледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифингте қаза болғандардың отбасына көрсетілген материалдық көмек туралы айтты.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 41 отбасыға 10 жылдық жалақы төледі. Қаза болған шахтерлердің, олардың жұбайларының, ата-аналары мен балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ, компания әрбір отбасына кемінде 18 шаршы метр пәтер сатып алуға міндеттенеді. Сақтандыру төлемдері, ЖОО-да 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысы қарашада оқу мерзіміне төлене бастайды, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс басшысы қаза болған кеншілердің отбасыларына мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау көрсетілгенін атап өтті. 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған бір реттік төлемге құжат алса, бүгінгі күні 42-сі төленді, қалғандары төлемді алып жатыр.

Республикалық бюджеттен кәмелетке толмаған балалары мен жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Сонымен қатар, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына басқа да қолдаулар көрсетіледі, - деді әкім.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы