Қайырымдылықты желеу еткен алаяқтық: Астанада ерлі-зайыптыларға қатысты іс қозғалды

Астанада қайырымдылыққа байланысты тағы бір даулы қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғарғы соттың мәліметінше, Дәулет пен Толқын Тотақановтар есімді ерлі-зайыптылар өз баласының еміне деп жұрттан қайырымдылық көмек жинаған. 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшада кәмелетке толмаған баланың ауыр дертке шалдыққаны туралы әсерлі жазбалар мен жалған ақпараттар жарияланып отырған.

Нәтижесінде 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы жиналған. Алайда соның елеулі бөлігі – құмар ойындарға, қымбат киім-кешек пен жеке сапарларға жұмсалған. Қаражат Тотақанованың, оның анасының және тіпті 2021 жылы қайтыс болған әрекетке қабілетсіз әжесінің атына ашылған шоттар арқылы аударылып отырған, – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.

Қазіргі таңда ерлі-зайыптыларға қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр: алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру. Іс Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралуда.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында бұл іске қатысты кейбір деректерді жариялаған. Оның жазуынша, осыдан 6 жылдан астам уақыт бұрын Дәулет пен Толқын Тотақановтардың отбасында Альтаир есімді ұл бала дүниеге келген. Ата-анасы оның денсаулығында күрделі ауытқулар барын бірден аңғарған – бала дамудан қалып, өз бетімен отыра, жүре, тамақтана алмаған. Дәрігерлер Түркияда 50 миллион теңгеге ота жасауға дайын болған. Қажетті қаражат қысқа уақытта жиналғанымен, ерлі-зайыптылар бұл әрекетін жалғастыра берген.

Тергеу мәліметінше, олар шамамен 300-400 миллион теңгені жарнамаға жұмсаған, ал баланы нақты емдеуге небәрі 6 миллион теңге ғана кеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы