Қайырымдылықтан да қауіп бар: Қазақстанда қорлар қызметі қалай реттеледі?

2025 жылы Қазақстанда қайырымдылық саласында ірі алаяқтық әрекеттер әшкереленді. Мұқтаждарға көмек ретінде көрсетілген 4,8 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған. Қоғам назарын аударған даулы істерге қатысты жоғары сот процестері қорлар жұмысының ашықтығына күмән тудырып, бақылауды күшейту қажеттілігін көрсетті. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі қайырымдылыққа деген сенімді қалпына келтіру үшін қандай шаралар қолданылуы мүмкін екенін анықтап көрді.

Заң бар, бірақ проблема шешілмеді

Бұл саладағы дау-дамай бұрыннан келе жатқан өзекті мәселені көрсетті. Ол - қайырымдылық туралы заң ширек ғасыр бойы күшінде болса да, нақты өзгерістердің іске аспауы. Экономист Марат Әбдірахманов елдегі құқықтық база сенімді қорғау механизмдерін қамтамасыз етпейтінін атап өтті.

Қайырымдылық саласындағы алаяқтық фактілерін анықтау жиілей түсті. Өйткені қайырымдылық қорларының қызметін азаматтар бақылайтын механизмдер пайда болды. Негізінен қайырымдылық ұйымдары туралы заңға қарамастан 1998 жылдан бері жағдай өзгерген жоқ,  деп түсіндірді экономист.

Бухгалтерлік стандарттардың олқылығы

Сарапшылардың айтуынша, ең осал жердің бірі — бухгалтерлік есеп жүйесі. Оның пікірінше, осы салада Қазақстан әлемдік тәжірибеден айтарлықтай артта қалуда.

Америкалық стандарт коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар, банктер, қаржылық құрылымдар және басқалардың ақша есептеу тәртібін қарастырады. Ал біздің бухгалтерлік есеп стандарттарында тек коммерциялық ұйымдар мен банктер есепке алынады. Коммерциялық емес ұйымдар АҚШ немесе Еуроодақтағындай емес, өте қысқа нормативтік тізіммен реттеледі, - дейді сарапшы.

Марат Әбдірахманов халықаралық тәсілдерді енгізу қорлар жұмысының ашықтығына қатысты көптеген мәселені шешетініне сенімді.

Тыйым салған жөн бе әлде нақты механизмдер қажет пе?

Қазақстандағы қайырымдылық саласында бірнеше даулы сот ісінен кейін жаңа шаралар қарастырылуда. Ол қорларды аккредиттеу және жеке адамдарға қаражат жинауға тыйым салу сияқты шаралар. Дегенмен, сарапшының пікірінше, осындай бастамалар мәселенің өзін шешпейді.

Қорларды тікелей инвестиция салатындар ғана құруы керек. Қайырымдылық қорын 10 жыл бойы басқа қорға ақша бермеген адам құра алмайды. Әлбетте, алаяқ ұзақ уақыт бойы мұндай қайырымдылық жасамайтыны анық, - деп түсіндірді Марат Әбдірахманов.

Оның пікірінше, Қазақстанда тіркелген 19 түрлі коммерциялық емес ұйым категориясы үшін бөлек бухгалтерлік есеп стандарттарын енгізу қажет.

Сенімді қалай қайтаруға болады?

Марат Әбдірахмановтың айтуынша, қорларға және қайырымдылыққа деген сенімді тек жүйелі өзгерістер мен халықаралық тәсілдер арқылы қалпына келтіруге болады.

Қайырымдылық қорларының қызметінде ашықтық пен бақылау қажет. Мысалы, активтерді қайтару қоры халықаралық стандарттар бойынша бағдарламаларды әзірлеп, жүзеге асырса, қаржыға қатысты сұрақтар болмайды, - деп атап өтті ол.

Экономист АҚШ-та қорлардың әкімшілік шығындары минималды және қатаң реттелетіні туралы нақты мысалдар келтіреді.

Harvard School Foundation-де бұл көрсеткіш 0,1% құрайды. Миллиардерлер мұқтаж америкалық балалардың білім алуына қаражат аударады және қор қаражатты басқа мақсатқа жұмсамайды деп сенеді. Себебі олардың стандарттары бар, - дейді ол. 

Барлық қор есеп бермейді

Мәселе мынада: елдегі қайырымдылық ұйымдарының саны өсіп жатқанымен, олар тиісті есептілік жүргізбейді.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылы елде 1071 қайырымдылық ұйымы жұмыс істесе, 2024 жылы олардың саны 1371-ге жетті. 2025 жылдың статистикалық деректері ағымдағы жылдың төртінші тоқсанының соңында дайын болады, - деп жауап берді Мәдениет министрлігі BAQ.KZ сұрағына.

Дегенмен, есептерді қайырымдық қорлары дерекқорында жариялайтын ұйымдар өте аз: 2023 жылы — 341 ұйым, ал 2024 жылы тек 176 ұйым.

Мәдениет және ақпарат министрлігі қосымша атап өткендей, оларда есептердің шынайылығын тексеруге өкілеттік жоқ. Себебі заң бойынша мемлекет қорлардың қызметіне араласуға шектеу қойған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жұмыс тобы қайырымдылық туралы заңға түзетулер енгізуді дайындап жатыр. Ұсыныстар арасында есептілікті цифрландыру, қорларды аккредиттеу және жеке адамдардың әлеуметтік желілер арқылы қаражат жинауын реттеу қарастырылған.

2025 жылғы даулы қылмыстық істер көрсеткендей, Қазақстандағы қайырымдылық тек әлеуметтік құрал ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық тәуекелдер туындайтын салаға айналған. 

Сарапшылар халықаралық стандарттарды енгізуді талап етсе, қадағалаушы органдар миллиардтық ұрлықтарды тіркеуде, ал мемлекет тек реформаларды бастап қана отыр. Осы өзгерістердің жылдамдығы азаматтардың сенімі мен бүкіл сектордың беделіне тікелей әсер етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы