Қайырымдылыққа жиналған 100 млн доллар жоғалып кетті
Трамп Лос-Анджелестегі өрт құрбандарына арналған $100 млн қайырымдылық қаржысының жоғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АҚШ президенті Дональд Трамп Лос-Анджелестегі орман өрттерінен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 100 миллион доллар көлеміндегі қайырымдылық қаражаттың жоғалғанын жария етті. Бұл туралы ол өзінің Truth Social парақшасында жазды.
100 миллион доллар жоғалып кетті. Бұл қаражат Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге бағытталуы тиіс еді. Егер басқару дұрыс жүргізілсе, бұл өрттің алдын алуға болар еді. Губернатор Ньюсом Солтүстік Калифорния мен Тынық мұхиттың солтүстік-батысындағы миллиардтаған галлон суды босатудан бас тартты. Бұл жағдайды мүлде өзгертіп жіберер еді, – деп жазды Трамп.
Трамп айтқан қаражат биылғы жылдың басында ұйымдастырылған FireAid атты бір күндік қайырымдылық концертінде жиналған. Бұл шара Калифорнияда қаңтар айында болған жойқын өрттерден кейін үй-күйсіз қалған тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған болатын. Концертке Оливия Родриго, Кэти Перри және Леди Гага сынды әлемдік жұлдыздар қатысып, шамамен 100 млн доллар қайырымдылық қаржы жиналғаны белгілі болған.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қаңтар айында Лос-Анджелес маңында ірі орман өрттері орын алып, 100 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Өрт салдарынан бірнеше адам қаза тапты, ал мыңнан аса ғимарат, соның ішінде кейбір танымал тұлғалардың үйлері жойылған.