Қайырымдылық саласын реттеу керек – Ермек Көшербаев
Елдегі қайырымдылық саласы заңнамалық тұрғыда реттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
БАҚ өкілдері вице-премьерден қайырымдылық қорларын тексеру мәселесіне қатысты сұрады.
Айтуынша, шынайы көмек көрсететін жақсы қорлардың барын да жоққа шығармайды.
Сәуір айында барлық министрлікті жинадым. Бұл тақырып бәрімізді алаңдатады. Нақты көмек көрсететін жақсы қорлар да бар. Қайырымдылық атын жамылатын қорлар да бар. Бұл әсіресе бүгін әлеуметтік желілер арқылы әрекет етіп жатқандарға қатысты. Қорларға ғана қатысты мәселе емес. Қандай да бір фотосуреттерді жариялайтын азаматтар да жоқ емес. Одан кейін тұрғындар, халық оларға ақшаның қайда кететінін білместен ақша аударады. Бұл заң тұрғысынан соңына дейін реттелмеген және ақшаның қайда баратынын тексермейді. Перизат Қайраттың жағдайындағыдай оқиғаларда ғана мәселенің беті ашылып, қорлардың бірқатары құқық қорғау органдарының көз алдына шыққанын көріп отырмыз, - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Айтуынша, заңнамаға сәйкес өзгерістер енгізу қажет.
Қайырымдылық – мемлекет қатыспайтын сала, яғни айтайын дегенім, қорлардың ішінде мемлекет жоқ және кірісе де алмайды. Бұл – азаматтардың қоғамдық бастамалары. Кейбіреулер мұны күнкөріс көзіне айналдырса, енді бірі шынымен де еріктілермен бірге халыққа көмектесу үшін жұмыс істейді. Заңнамаға сәйкес өзгерістерді қарастырамыз, соңына дейін осы саланы қарап, қоғам талқылауына шығарамыз, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске салайық, елордада "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қайырымдылық қорына қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.