Қайырымдылық па, қылмыс па? - Перизат Қайраттың ісіндегі үш фактор
Кеше Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шықты. Олар 3,5 млрд теңгеден астам қайырымдылық қаржысын жымқырды деп танылды. Екеуі де сот залында қамауға алынып, мүлкі тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ тілшісі елді дүрліктірген атышулы іске шолу жасады.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім шығарды. 2025 жылғы 25 шілдеде жарияланған үкім қоғамда кең резонанс туғызды.
Сот шешімі: жаза ауыр, тыйым да бар
Сот Перизат Қайратты қайырымдылық желеуімен жиналған қаржыны жымқырды деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, оның «Шапағат» мемлекеттік наградасы қайтарылады, ал 10 жыл бойы қайырымдылық саласында жұмыс істеуге тыйым салынады.
Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталып, залда қамауға алынды. Оған да 10 жыл бойы қайырымдылықпен байланысты кез келген іспен айналысуға тыйым салынды.
Қылмыстық істің көлемі: 90 том, 20-дан астам жалған ИП, миллиардтаған теңгелер
Тергеу материалдары 90 томнан асты. Айыптау нұсқасына сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында Перизат Қайрат мүгедек балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Газа секторындағы тұрғындарға көмектесу үшін қайырымдылық қорына ақша жинаған.
Instagram, Telegram және өзге де әлеуметтік желілерде белсенді ерікті ретінде танылған Перизат Қайрат гуманитарлық миссиялар ұйымдастырып, халықтың сеніміне ие болған. Алайда сотта дәлелденгендей, жиналған қаражаттың басым бөлігі мұқтаждарға жетпеген.
Қаражат жалған кәсіпкерлердің шотына аударылып, кейін аффилирленген тұлғалар арқылы қолма-қол ақшаға айналған. Іс барысында 20-дан астам дара кәсіпкер мен жалған тұлғалар аты аталды.
Шығын көлемі және өтемақы
Прокуратура мәліметінше, Қайрат пен Алашбаева арқылы өткен қайырымдылық қаражатының жалпы көлемі – 3,5 млрд теңгеден астам. Сот 1 млрд 582 млн теңге сомасында нақты материалдық залал келтірілгенін танып, оны 51 жәбірленушінің пайдасына ортақ жауапкершілікпен өндіріп алуға үкім шығарды.
ҚР ҚПК-нің 172-бабы бойынша, оларда бұл соманы өз еркімен қайтаруға бір ай уақыт бар. Одан кейін мәжбүрлеп орындату шаралары басталады.
Үш ірі эпизод: Газа, су тасқыны және ДЦП-мен ауыратын балалар
Жәбірленуші Олжас Садық сотта Қайратқа 83 млн теңгені қолма-қол бергенін айтады. Ол тіпті Абу-Дабиге де еріп барған. Бірақ оның сөзінше, ешқандай есеп те, ашықтық та болмаған.
Ондаған азамат жылу, азық-түлік, техника алуға деп ақша аударған. Бірақ Kaspi Bank демеушілік көмек ретінде аударған 620 млн теңгенің игілігін мұқтаждар көрмеген.
Kaspi Bank-тың талап арызын банк өкілі Айдар Ксенбаев:
Барлық дерек, сараптама, куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары кінәні толық дәлелдеді, – деді ол.
Kaspi Bank 620 млн теңге сомасына азаматтық талап арыз түсіріп, тәркіленген мүлікті өтеу есебіне беруді сұрады.
Сот тәркілеген мүлік тізімі:
Vela Village элиталық коттедж қалашығындағы үй;
Highvill Ishim Gold, Akbulak Riviera, Sensata Plaza және Көк Жайлау ТҮК-дегі пәтерлер мен паркинг орындары;
Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600, Mercedes-Benz EQE 500 4Matic, Haval H6 GT маркалы көліктер;
Rebel Flowers ЖШС жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
97 млн теңге және 22 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол қаражат.
Сот бұл мүліктердің бәрін қылмыстық жолмен алынған табыс есебінен сатып алынған деп танып, мемлекет меншігіне өткізді.
Иван Дорн фестиваль өткізбей ақша алып кеткен
Тергеу барысында Қайраттың атына украиналық әнші Иван Дорнға 9 мың еуроға инвойс рәсімделгені анықталған. Бұл қаражат аударылғанымен, фестиваль өтпеген. Сот бұл жағдайды "ақша жымқыруға арналған бүркемелі әрекет" деп бағалады.
Kaspi Bank-ке қысым көрсету әрекеті
Қайраттың банк қызметкерімен хат алмасуы да іске тіркелген. Айыптаушы тарап оның бұл әрекетін "қайырымдылықты сылтау етіп, шоттарды бұғаттан шығаруға қысым көрсету" деп бағалаған.
Айып пен үкім: алдын ала сөз байласу, аса ірі көлемдегі алаяқтық
Мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина:
Қылмыс алдын ала сөз байласу арқылы, ұйымдасқан түрде, аса ірі көлемде жасалған. Ешқандай жеңілдететін жағдай жоқ, – деп мәлімдеді.
Ол Перизат Қайратқа – 10 жыл, ал Алашбаеваға – 8 жыл сұрады. Сот бұл ұсынысты негізінен қолдады. Дегенмен, жәбірленушілердің бірі Олжас Садық:
Алашбаеваның денсаулығына байланысты оны үйқамақта қалдыруды сұраймын, – деді.
Сот сөзі: Қоғамдық сеніммен манипуляция
Үкімді жариялаған судья Сабыржан Кәрімов:
Қайрат қайырымдылықтың бетпердесін пайдаланып, ел сенімін жеке пайдасы үшін қолданды. Бұл азаматтық қоғам институттарына деген сенімге сызат түсірді, – деді.
Қорғаушы не дейді?
Перизаттың қорғаушысы Асланбек Даулетияров Перизат Қайрат пен анасы сот шешімін ауыр қабылдағанын айтады.
Қайрат кінәсін мойындамайды. Ол тек ұйымдастыруда қателік жібергенін мойындайды. Біз үкімге толықтай шағым түсіреміз, – деді ол.