Қайырбек Өскенбаев бельгиялық әріптесімен кездесті

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Бельгия Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары, Көлік министрі Джордж Гилькинемен кездесіп, тараптар алдағы жылға арналған бланкілер санын ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен көлік қатынасын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде жүк транзитінің перспективасы мен экономиканы қарбонсыздандыруға қатысты мәселелер де қарастырылды. Бұл ретте қазір Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк ағындарын ұлғайту мен дамыту мақсатында Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния, Польша, сондай-ақ Қытайдың магистральды инфрақұрылым иелері және көлік түрлерімен жүк тасымалын іске асыратын ұйымдарды біріктіретін «ТХКМ» Халықаралық қауымдастығы құрылдғанын айта кету керек.

Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты қазақстандық экспорт пен транзиттік жүктерді тасымалдаудың негізгі бағыты саналады. Аталған бағытта транзиттік контейнерлік тасымалдардың көлемі 2021 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 81%-ға артып, 14,7 мың контейнерге жетіп отыр, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Жыл сайын қатысушы елдер ТХКМ-тын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында кемемен жүк тасымалдаудың алдағы жылға арналған қолайлы тарифтік мөлшерлемені қарастырып, бекітіп отыратыны белгілі. Тариф мөлшерлемесін сақтау қауымдастыққа мүше барлық тасымалдаушы операторға ортақ шарт.

Қайырбек Айтбайұлының айтуынша, ТХКМ-ның қарқынын еселету үшін 2022-2027 жылдарға арналған «тар» дәліз орындарын біртіндеп жою мен аталған халықаралық маршрутты дамыту жөнінде Жол картасы әзірленді. Бұл шаралар 2025 жылға қарай осы дәліздің өткізу қабілетін жылына – 10 млн тонна жүкке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжануда.

Қазақстан мен Бельгия Корольдігі арасындағы автокөлік тасымалдары бағытындағы әріптестікке тоқталсақ, бұл мәселе екі мемлекеттің Үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісіммен реттелетінін айта кетейік. Мәселен, биылғы 10 айда тасымалдау көлемі 2 910,4 тоннаға жетіп, бұл былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда – 26 есеге көп.

Қ.Өскенбаев экономиканы карбонсыздандыру жөнінде айта келе өнеркәсіптегі ластанудың едәуір бөлігі тау-кен секторының үлесіне тиесілі екенін жеткізді. Қазір осы саладағы кәсіпорындармен нақты көрсеткіштер мен зиянды қалдықтарды азайту бойынша тиісті меморандумдарға қол қойылып, оларды іске асыру басталып кетті. Айталық, экологиялық тұрғыда таза көлік өндірісін дамыту үшін отандық кәсіпорындарда электроавтобустар мен электромобильдерді құрастыру қолға алынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы