Қайыр сұрауға мәжбүрлеген: Қарағандыда қылмыстық топ мүшелері сотталды
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше жыл бойы мүгедек адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеген ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот материалдарына сәйкес, қылмыстық топ 2015 жылдан бастап төрт қарағандылық азаматтан құралған. Олар екі мүгедек адамды күш қолданып, қорқыту арқылы өз пайдасына жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Жәбірленушілер күн сайын тапқан 20-40 мың теңге көлеміндегі ақшаны соларға беріп отырған. 2023 жылы топ мүшелерінің бірі тергеу изоляторында қамауда отырған кезінде де қысым көрсетуді жалғастырып, жаңа қылмыстық топ құрып, оны сырттай басқарған. Бұл топ та жәбірленушілерді қайыр сұратуға мәжбүрлеген.
Сот процесі барысында қылмыстық топ мүшелерінің кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары және сараптама қорытындылары арқылы дәлелденді. Сот үкімімен топ жетекшісі 17 жылға, ал қалған үшеуі 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны тағайындау кезінде сот олардың кішкентай балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Алайда 17 жылға сотталған азаматтың бұрын да қылмыс жасағаны анықталып, бұл жағдай жазаны ауырлатты.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы: 262-баптың 1 және 2-бөліктері (ұйымдасқан топ құру және оған қатысу), сондай-ақ 128-баптың 4-бөлігі 1-тармағы (дәрменсіз күйдегі екі адамды қорқытып, қанау) бойынша қаралды.