22 Шілде 2026, 14:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қайыр сұрау және қоғамдық тәртіп: Полиция елордада бақылауды күшейтті

Астана қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда қайыр сұрау мен азаматтарға тиісіп ақша сұрау фактілерінің алдын алу және жолын кесу бағытындағы профилактикалық іс-шараларды жалғастырып жатыр.

Құқық қорғау органдары адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударып отыр. Өйткені мұндай құқықбұзушылықтар көбіне дәл осы жерлерде тіркеледі.

Қандай жауапкершілік қарастырылған?

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көшеде өтіп бара жатқан адамдарға ақша сұрап, түрлі қызметтерді ұсыну, бал ашу, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен кәсіпкерлікпен айналыспайтын тұлғалардың тауарларды сату, сатып алу немесе айырбастау мақсатында мазалап жүгінуі әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады.

Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Полиция қайыр сұрауды қолдамауға шақырды

Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын қайыр сұраушыларға ақша бермеуге және мұндай әрекеттерді қолдамауға шақырды.

Егер осындай құқықбұзушылықтарға куә болсаңыз, полицияға хабарлау қажет.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, полиция мен тұрғындардың бірлескен іс-қимылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тараздағы оқиға

Бұған дейін Тараз қаласында бағдаршамның жанында жүргізушілерден қайыр сұраған жасөспірім туралы хабарланған болатын.

Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот азаматша Е.-ге қатысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау фактісі бойынша әкімшілік істі қарады.

Сот барысында оның кәмелетке толмаған ұлының Тараз қаласында полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғаны анықталды. Жасөспірім бағдаршамда тұрған жүргізушілерден қайыр сұраған. Оның жасы 16-ға толмағандықтан, әкімшілік хаттама анасына қатысты толтырылған.

Азаматша Е.-нің кінәсі іс материалдарымен және қатысушылардың түсініктемелерімен дәлелденді. Ол өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген.

Аталған баптың санкциясы бойынша 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сот кінәні мойындауы мен жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.

Нәтижесінде азаматшаға 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.