Қайтыс болған сенатордың өкілеттілігі тоқтатылды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында өмірден озған депутат Гүлмира Кәрімованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, өткен аптада әріптесіміз Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды. Бұл қаза баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Гүлмира Райымбекқызы Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтер атқарып, өңірдің өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Білім және ғылым министрлігінде еңбек етіп, отандық білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Таяуда ғана Сенат депутаты болып сайланған әріптесіміз, шын мәнінде, білікті маман еді. Осындай қиын жағдай – үлкен трагедия. Сол себепті, ең алдымен, әріптесіміздің отбасы мен жақындарына Сенат атынан тағы да көңіл айтамыз, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
ҚР Конституциясының 52-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент депутаты қайтыс болған жағдайда оның өкілеттілігі тоқтатылады.
Соған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Сенатқа тиісті ұсыным енгізгені белгілі болды.
Конституциялық нормаларға сәйкес, марқұм сенатор Гүлмира Кәрімованың өкілеттілігін тоқтату туралы қаулы қабылданды.
Ал заңнама бойынша сенатордың қайтыс болуына байланысты депутаттың өкілеттілігі тоқтаған соң Орталық сайлау комиссиясы екі айдың ішінде ол депутаттың орнына өңірде сайлау өткізеді.
Еске сала кетейік, жаңадан сайланған Сенат депутаты Гүлмира Кәрімова 45 жасында қайтыс болды.